САЛАДАҒЫ БАСТАМАЛАР ЛАЙЫҚТЫ БАҒАЛАНДЫ

 Сейсенбіде республикалық ақпараттық-насихаттық топ өкілдері жұмыс сапарымен өңірімізге келді. АНТ мүшесі, ҚР Денсаулық сақтау вице - министрі Ләззат Ақтаева облыстық медицина орталығында сала қызметкерлерімен кездесті. Кездесуді облыс əкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жүргізді.
Шарада Елбасының «Төртінші өнеркəсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген нақты тапсырмалар түсіндіріліп, алдағы жоспарлар таныстырылды. Вице-министр өз сөзінде Елбасы Жолдауында медицина саласын заман талабына сай дамыту бағытында нақты міндеттер қойылып, тиісті тапсырмалардың жүктелгенін айтып өтті. Әсіресе, «Цифрлық Қазақстан» жобасын жүзеге асыруда ауқымды жұмыстардың тұрғанын тілге тиек етті. Осы орайда «ақпаратты біріктіру, электронды денсаулық паспорты», «қағазсыз ауруханаға» көшуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта республиканың 4 өңірінде электронды құжат айналымы енгізілген. Ал Қызылорда облысында медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу көрсеткіші 95% құрап отыр. Сонымен бірге ол Жолдауда айтылған, аурудың алдын алу жұмыстарын жандандыруға шақырды. Осыдан кейін облыстық медицина орталығы қабылдау бөлімі мен  жедел-жəрдем жұмысымен танысқан вице-министр саладағы бастамаларға оң баға берді.
Сол күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау жүргізіп, тұрғындардың өтініштерін тыңдады.
Сапар аясында ол Жаңақорған ауданында болып, аудандық емхана жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерімен кездесті.

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 ақпан 2018 г. 1 181 0