ЖЕКЕ КЛИНИКА: МЕДИЦИНАДАҒЫ ДАМУ ЖӘНЕ ТАҢДАУ ҚҰҚЫҒЫ

 Кеше Айтуар Қозыбақов атындағы Persona Medical медициналық клиникасы ашылды. Емдеу мекемесінің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысты.
Барлық дамыған елдерде медициналық қызметтердің айтарлықтай бөлігін жекеменшік сектор көрсетеді. Біздің аймақта да бұл мәселе шешімін тауып келеді. Жеке емхана санының артуы дәрігерлер мен емдеу мекемелерінің арасындағы бәсекені қалыптастырады.
− Ел тәуелсіздік алып, дамудың даңғыл жолына түскен сәтте Елбасы алдымызға төрт міндетті қойды. Бірінші, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалау, екінші, әлеуметтік бағдарланған қоғам құру, үшінші нарықтық экономиканы қалыптастыру, төртінші қоғамдық ой-сананы қайта жаңғырту. Елдегі барлық жұмыстар осы төрт міндеттің аясында атқарылды. Міне, осы шарттың бірі – әділетті нарықтық қоғамды қалыптастыру. Бүгінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға баса назар аударылуда. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, денсаулық сақтау саласындағы мекемелердің 43 проценті – жеке клиникалар. Бұл бәсекелестік ортаның толық қалыптасып келе жатқанын айғақтайды. Облыста аймақ басшысының қолдауымен осы салаға айрықша көңіл бөлініп отыр. Аймақтағы жеке клиникалардың көрсеткіші – 47 %. Жеке клиникалар бюджеттің есебінен 1 млрд 900 млн теңгеге жуық қаражатты игеріп, халыққа қызмет көрсетті, − деді облыс әкімінің орынбасары.
Persona Medical медициналық клиникасының құрыл¬тайшылары – Ислам Қозыбақов пен Венера Ғафурова. Емдеу нысаны соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған. Атап айтсақ, Германиядан арнайы әкелінген стоматологиялық қондырғы мен рентген және УЗИ аппаратары бар.
 Аймақта белгілі сала мамандарының жетіспеушілігі анық байқалатын. Аталған клиникада неонатолог, аллерголог, онкогематолог, эндокринолог сынды кәсіби мамандарға көрінуге болады. Мұнан өзге педиатр, невропатолог, терапевт, кардиолог, лор, балалар кардиологы, гинеколог, стоматолог сынды елу қызметкермен қамтылған. Ал келесі жылы нейрохирургиялық емдеу блогын ашу жоспарға енгізіліпті.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 ақпан 2018 г. 1 189 0