Бүгін құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Жиынға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысты. Бұл жөнінде облыс әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады
Өткен жылы Қызылорда облысында 11 мың 300 қылмыс тіркеліп, 15,5 пайызға өскен. Қызылорда облысы Ішкі істер департаменті бастығының міндетін атқарушы Сағат Мәдиев атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап берді. Облыс орталығындағы көшелер мен көпқабатты үйлердің аулаларына орнатылған 116 бейнебақылау камералардың көмегімен 77 қылмыстың ізі суымай ашылған. Жыл басында тағы жаңадан 100 бейнебақылау және 2 интеллектуалды қиылыс апараты іске қосылды.
- Бейнебақылаумен жұмыс баяу жүріп жатыр. Ондағы мамандар қаладағы жағдайды толық бақылап үлгірмей жатыр. Біз есептеп көрдік шын мәнінде қолдағы техниканың көмегімен бір айда 30 миллион айыппұл салуға болады. Қызметкерлер жауапкершілікті толық сезініп отырған жоқ, - деді облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов.
Аймақ басшысы бұл салаға бөлініп жатқан қаржы жылдан жылға артып отырғандығын тілге тиек етті. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейтіндігін қатаң сынға алды.
- Жыл басынан бері адам өлтіру 4 есеге, аляқтық 44 пайызға, ауыр жарақат салу 50 пайызға өскен. Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі осы ма? Қыруар қаржы бөлініп отыр. Бұған қоса материалдық техникалық базаларыңды жаңартудың жол картасын дайындаңыздар. Біз ақшасын шешіп береміз. Сіздерден тек жұмыс талап етеміз, - деді аймақ басшысы.
Ауылдық жерлерде мал ұрлығы көп. Бұл мәселені ретке келтіру қажет. Қ.Көшербаева жиында құқық қорғау саласы мамандарына осындай тапсырма берді. «Ауыл әкімі – мемлекеттік билік өкілі. Бұл ретте, әкімнің жұмысы тұрғындар мәселелеріне қатысты учаскелік, ветеринарлық инспекторлардың есептерінен басталуы тиіс. Ол өз аумағының тыныс-тіршілігінен үнемі хабардар болып, бағыныштылығына қарамастан барлық мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді», деді өңір басшысы. Яғни, учаскелік полиция қызметкерлері ауыл әкіміне атқарып жатқан жұмысын баяндап отыруы тиіс.