Дария әзiрге "мiнез” көрсеткен жоқ алайда, қамсыз болмауымыз керек. Жаз айларында жуасып ағып, көктем келiп, бетiне сiресе қатқан қыстайғы қалың мұздың көбесi сөгiлгеннен оқыс мiнез көрсететiн Сырдария өзенi Жалағаш жұртшылығын да әр көктем сайын бiр дүрбелеңге салып тұрады. Биыл мұз құрсанған дарияның ауданның аумағындағы қауiптi тұстары қатаң қадағалауға алынып, жiтi бақылауда тұр.
Алайда, бұл сөзден мүлдем қауiп жоқ деген қорытынды шығаруға болмайды. Айтып келмейтiн апаттың алдын алу үшiн аудан әкiмi, Азаматтық қорғаныс бастығы С.Сермағамбетовтың 2013 жылы 23 желтоқсанда су тасқынының алдын алуға байланысты арнайы бұйрығы шықты және дайындық жұмыстарын жүзеге асыруға арналған iс шара жоспарларын бекiттi. Аудан әкiмiнiң бұйрығына сәйкес құрылған штаб төтенше жағдайлар қызметiнiң құрамдарының дайындығын тексерiп, өзен бойындағы қорғаныс бөгеттерiнiң осал тұстарын анықтап, қажеттi материалдармен қамтамасыз еттi. Сондай-ақ белгiленген жоспар бойынша эвакуациялық шараларға сәйкес халықты жинап, қабылдау орындарын дайындыққа келтiрудi және тұрғындар арасында түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп келедi.
Аудан басшысы аптаның жарты бөлiгiн Сырдария өзенiнiң аудан аймағындағы су басу қаупi бар аймақтарын аралаумен өткiздi. Атап айтсақ, әзiрге бетi көк мұздан көрпе жамылып, тым-тырыс жатқан дарияның жарқабағының үстiмен жағалап отырып «Ақтерек», «Тұрымбет», «Қараиiрiм» учаскелерiн көрдi.Дария суының деңгейiнiң әзiрге қауiп тудырып отырмағанын баяндаған топ басшыларына С.Сермағамбетов осы аймақтардағы қауiптi деген нүктелердi жiтi бақылауда ұстап, қорғаныс бөгеттерiнiң осал тұстары байқалған жағдайда күшейту-нығайту жұмыстарын жүргiзiп отыру керектiгiн нықтап айтып, басқа да тапсырмалар бердi.