Олимпиада алауы жағылды

Кеше төрткүл дүние көз тіккен төртжылдық спорт мерекесі – 23-ші қысқы олимпиада алауы жағылды.

Осыдан жүз күн бұрын білте тұтатқан ақ алау Пхенчханға 2018 шақырым жол жүріп, 7500 адамның қолынан өтіп келді. Ақпанның ақ көбелегін жамылған Тхэбэксан тауының етегіндегі қала бұл күні әлемнің 95 мемлекетінен келген 3 мыңға жуық спортшы мен ресми қонақтарды ыстық сәлеммен қарсы алды.

Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Оңтүстік Кореяның Президенті Мун Джэин, Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах, басқа да ресми кісілер мінбер төрінен спортшыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз арнады.

Пхенчханның Олимпиада стадионындағы салтанатты шеруінде еліміздің көк байрағын халықаралық турнирлерде көрініп жүрген шорттірекші Абзал Әжіғалиев көтеріп шықты.

16 күн бойы жаһан жанарын тігетін спорт додасында Қазақстаннан барған 57 спортшы – биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, коньки тебу секілді бірнеше жарыс жолына түседі.

Қызылордалықтардың бұл әлемдік спорт бәсекесін тамашалауға деген қызығушылығы жылдағыдан жоғарырақ болатынын да айта кету керек. Өйткені, ақ олимпиадаға мәнерлеп сырғанаудан 4 дүркін ел чемпионы, сырбойылық Элизабет Тұрсынбаева қатысуда. Бұл – біздің еліміз үшін де үлкен жаңалық. Себебі, Элизабет мәнерлеп сырғанаушы қыздардың жеке сынында олимпиада ойындарындағы тұңғыш өнер көрсетуші спортшы болып отыр.

Алауың миллион жүрекке достық отын жақсын, ақ олимп!

Көк туды көкке өрлет, Элизабет!

                                                                       «СБ» ақпарат.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 ақпан 2018 г. 1 008 0