« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Өткен аптада денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өңірлік коммуникация қызметімен бірлесіп, облыстық медицина орталығында кезекті баспасөз турын ұйымдастырды.
Денсаулық сақтау саласын үш жылдың ішінде әлемдік стандарттарға сәйкестендіру жоспары тұр. Ол үшін жаңа үлгідегі медициналық қондырғылардың маңызы зор. Бүгінде заманауи үлгіде жасалған қондырғылар облыстық медицина орталығында орнатылған және осы технология арқылы халыққа жылдам қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта 5,9 млрд. теңгеге кезең-кезеңмен сапалы әрі қажетті медициналық қондырғыларын (МРТ, КТ, ангиограф, маммограф, террогамм, т.б) алу жобасы жоспарланған. Облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Баян Буранбаеваның айтуы бойынша, бұл жоспар 2020 жылға дейін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге аспақ.
2009 жылдан бері облысымызда жалғыз ангиограф медициналық аппараты жұмыс жасайды. Аталған аппарат арқылы қан тамырларын жан-жақты зерттеп, ми тамырларына, коронарлық, орталық жүйе тамырларына зерттеу жүргізіледі. Бүгінгі күнге дейін қондырғыда 5000-нан астам коронография мен басқа да зерттеулер, операциялар жүргізіліп келген. Әрине, бір ангиограф аппараты болғандықтан, кейде тұрғындардың қажетті медициналық көмекті алуға қолжетімділігі азаятыны белгілі. Мәселен, ангиографиялық қондырғысына қажеттілік 250 мың адамға - біреуден есептелінсе, облыстағы 750 мың тұрғын үшін 3 ангиограф керектігін айтады мамандар.
Жүрек-қан тамыр аурулары - әлем бойынша денсаулық сақтаудың басты проблемалардың бірі. Сондықтан мұндай ауыр дертке бей-жай қараудың өзі қорқынышты. Ол ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады, немесе өлімге дейін әкеліп соқтырады. Сол себепті дер кезінде емдік шараларды жасау дәрігердің міндеті болғандықтан қолдан келгенше жаңа технологиямен жұмыс жасап келе жатыр. Қызылорда облысының солтүстік өңірінде орналасқан Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары тұрғындарының инфаркт, инсульт сияқты ауруларға жедел көмек алуы үшін ұзақ мерзім кететіні белгілі. Сол үшін ауданға ангиографиялық қондырғыларының қажеттігі айтылды.
Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Б.Буранбаева: "2016 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы Денсаулық сақтау министрлігімен ангиографиялық құрылғы алу жөнінде біршама жұмыстар жүргізілгенімен, бюджеттен қаражат бөлінбеді. Құны қымбат 2 бірдей қондырғыны жергілікті бюджеттен бірден алу қиындық туғызатындықтан, қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан инвесторлар іздеу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында қол жеткізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Қондырғыны жеткізу, орнату және 5 жыл көлемінде сервистік қызмет көрсету жеке инвестор арқылы жүргізу жоспарда бар",- деп әңгімеледі. Егер де қажетті инвестициялық төлемдер 5 жылға бөлінсе, мемлекеттік бюджет жүктемесін қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша солтүстік өңірдегі аудандар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Облыстық медицина орталығында өткен баспасөз турында диабет орталығына да барып көрдік. Жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бөлімде науқастарға барынша жағдай жасалған. Сонымен қатар диабет мектебі де жұмыс жасайды. Осы жылға дейін 361 науқасқа 957 сабақ өткізілген. Сабақ барысында қанда қант мөлшерінің көбейіп кетуінен туындайтын дерттің белгілері, алдын алу шаралары, күтімі мен тамақтану режимі жайлы сөз болады. Қант диабеті әлем бойынша жүрек-қан тамыр аурулары және онкологиялық ауруларынан кейінгі үшінші орынды алады. Жас талғамайтын сырқат болғандықтан, қазіргі таңда осы диабетпен ауыратын тұрғындар саны көп. Мұның бірден-бір себебі тамақтану салтының өзгеруі, екіншіден, тұқымқуалаушылық бейімділігінен пайда болады. Бүгінгі күні емдеу барысында қант диабетімен ауыратын науқастар инсулинге тәуелді және тәуелсіз болып екіге бөлінеді. Сол арқылы емдеу шараларын да жүргізіп келеді. Тамақтану режиміне сай инсулин салуды қадағалап отыру қажеттігін ескертеді жауапты дәрігерлер. Әйелдер арасында көп кездесетін дерттің бірі - остеопороз. Бұл бүгінгі күні Қазақстанда белең алып келе жатқан сырқаттың бірі. Сондықтан да арнайы тексеру жүргізу үшін арнайы денситометр құрылғысы орталыққа алынған. Тегін түрде сүйектің тығыздығын тексеруге болады. Нәтижесі жедел түрде көрсетіледі. "Остеопороз ауруы тамақтану салтының дұрыс болмауынан туындайды, сондықтан да бала кезден сақтық шараларын жүзеге асырған жөн" дейді медицина орталығының мамандары.
Қай уақытта да дені сау ұрпақ ұлт үшін маңызды. Денсаулықтың қадіріне аурудың алдын ала білген адам жетеді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, дәрігерге уақытылы көрініп, профилактикалық шараларды дер кезінде қолданған жөн. Себебі бірінші байлық - денсаулық.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |