
Қай кезде де үлкендердің жастарға көңілі толмаған. Бүгін де солай. «Жастар көп ізденбейді. Кітап оқымайды. Үлкендерді сыйлауды ұмытты. Мәдениеттен алшақтап, дұрыс киініп, әдепті сөйлемейді. Шетінен дөрекіленіп барады» деген пікірді жиі естіп қаламыз. Десек те, жастардың бәрі бірдей емес. Олардың арасында қолынан келгенше көпшілікке жәрдемдесіп, қоғамның дамуына атсалысып, игі істердің бастауы болып жүргендері қаншама?!
Бұған дәлел ретінде қаладағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан ашылған ерікті жастар тобының жұмысын айтуға болады. 2014 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан топ облыс орталығындағы көптеген қайырымдылық шаралардың басы-қасында жүр.
– Ерікті жастар тобының құрылғанына төрт жылға жуықтап қалды. Бүгінде топта 50-ден астам жас бар. Басында «неге ерікті жастар тобын ашпасқа» деген ой келіп, топты ұйымдастырдық. Мақсат– жетімдер мен қарттар үйіне көмек көрсету, тұрмысы төмен отбасыларына қол ұшын созу. Біз мақтан немесе атақ үшін жұмыс істемейміз. Тек сауапты іске жастарды жұмылдырып, жағдайы төмен жандарға жәрдемдесу үшін біріккенбіз, – деді топ жетекшісі Ерлан Сипанов.
Ерлан кейбір замандастарының осындай қайырымды істерге барудың орнына ата-анасы берген қаражатын ойын-сауыққа жаратып жүргенін айтып, өкініш білдірді.
Топта жастардың бәрі де белсенді. Олар жыл сайын Қарттар үйі мен Талсуаттағы оңалту орталығына барып қайырымдылық концертін қояды. Үлкен кісілердің көңілін аулап, керемет көңіл-күй сыйлайды. Сонымен бірге «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының кішкентай тұрғындарын қуантуды да ұмыт қалдырған емес. Тұрмысы төмен отбасыларына көмек қолын созып, барынша қолдау білдіріп келеді. Соғыс және тыл ардагерлеріне де жылулық сыйлап, қуантады.
Ауа райының қолайсыздығы қала тұрғындарын біраз әбігерге салғаны белгілі. Осы ретте ерікті жастар тобы тазалық мекемесінің қызметкерлеріне ыстық шай мен тәттілер таратты. Тегін автобус шығарып, аялдама да тұрған әрбір адамды тиісті жеріне тегін жеткізіп, сауапты іске кенелді.
– Мен еріктілер тобына келгеніме көп болды. Көмекке зәру жандардың жүзіне қуаныш ұялағанда бізден артық бақытты адам болмайды. Жасаған әрбір ісімізге тек алғыс аламыз. Үлкендер батасын береді. Жастарды мейірімді болуға, қайырымдылық жасауға шақырған болар едім. Олардың көпшілігі мұндай топтың бар екенін білмейді. Кейбіреуі білсе де қатарымызға қосылуға құлшыныс танытпайды. Себебі, мұндай жұмысты артық деп санайтындар да бар. Ерікті болудың ешқандай міндет артпайтынын құрбы-құрдастарыма түсіндіргім келеді, – дейді топ мүшесі Мүсілім Ислам.
Психолог мамандар адамның рухани жан дүниесі, мінез-құлқы, мейірімділігі, қоғамға деген көзқарасы бозбала кезінен бастап қалыптасады деседі. Демек, жастардың қайырымдылық жасау қасиетін ояту біздің қоғамға дәл қазір ауадай қажет.
Өмірде ешкімнен жақсылық көрмеген адам өзге біреуге де мейірімділік көрсете алмайды. Ал, жастардың бойына қайырымдылық қасиетті сіңіре алсақ, көптеген мәселенің алдын алуға болар еді. Ендеше, қоғамымызға мейірім егіп жүрген жастарға құрмет білдіргеніміз абзал.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».