
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жаңа заң жобасындағы дін мен мемлекеттік қызметшілерге қатысты талаптарды айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілеріне тек үш шектеу қойылады. Біріншіден, олар өздерінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүддесі үшін пайдалануға болмайды. Екіншіден, өзге тұлғаларды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуына мәжбүрлей алмайды, үшіншіден, мемлекеттік қызметшілер діни бірлестіктердің құрылтайшысы немесе бастамашысы, мүшесі бола алмайды. Ал бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің қызметшілеріне аталған үш шектеудің екеуі ғана қолданылады», -деді Н. Ермекбаев Мәжілісте тілшілерге берген сұхбатында.
Бұдан бөлек, министр заң жобасының нормасына сәйкес, 16 жасқа толмаған балалар діни жоралғыларға, жиындарға тек ата-анасымен немесе жақын туыстарымен ғана бара алатынын жеткізді. Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы таныстырылды.