Тәртіп сақшылары Елбасы жолдауын қолдады

Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің мәжіліс залында барлық жеке құрамның қатысуымен Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылауға арналған жиын болып өтті.
Жиынға Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Әзірбекова Алмагүл Жорабекқызы қатысып, жолдаудың өзегі «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» атты жаңа экономикалық саясатқа негізделетінін айта келіп, бұл тарихи жолдаудың халық үшін, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Елбасы өз Жолдауында мемлекеттің 2025 жылға дейінгі даму бағытын айқындап және жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін 10 нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ, елдің экономикалық тұрақтылығы сыбайлас жемқорлықпен күрес арқылы айқындалатынын ескертіп, бұл бағытта Ел Президенті нақты тапсырмалар бергенін, сыбайлас жемқорлықпен күрес қарқынды түрде жүргізіліп, халықтың қазынасына ешкімнің көзі түспеуі керек деп баса көрсеткендігін жеткізді. Бұдан бөлек, Жолдаудың тағы бір артықшылығы – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу міндеті екендігін айта келіп, «бұл Жолдаудың - азаматтардың құқықтық тұрғыда қамтамасыз етілуінде маңызы зор»,- деп ойын түйіндеді.
Жиын соңында Қызылорда ОІІД Кадр жұмыстары басқармасының бастығы полиция подполковнигі А.Абдреев: «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған негізгі бағыттарды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді сарп етіп, аянбай жұмыс жасауымыз қажет. Бұл біздің ортақ парызымыз, басты мақсатымыз», - дей келіп, барлық басқарма бастықтарына Жолдауды оқып, жеке құрамға таныстыру бағытында нақты жұмыстар атқару керек деп қатаң тапсырмалар берді.

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қаңтар 2018 г. 657 0