ІЗГІЛІК – ӨМІР НӘРІ

Қаладағы №278 мектепте облыстық білім басқармасы мен облыстық оқу орталығының  ұйымдастыруымен  «Ізгілік – өмір нәрі» атты әлеуметтік жобалар фестивалі өтті. Оған қала мен аудан мектептерінің 7-11 сынып оқушылары қатысты.  

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде және «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту аясында өткізілген фестивальге жиналғандар  ұстаздар мен оқушылардың шығармашылық еңбектеріне арналған көрмені тамашалады.  Жиында оқушылар мен жастардың қайырымдылық істері жайлы жасалған бейнесюжет көрсетілді. Мұнан кейін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов және «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова  әлеуметтік жобалар фестивалінің маңыздылығы жайында айтып берді.

Шара барысында қатысушылар әлеуметтік жобаларын қорғады. Сонымен қатар әрбір топ «Сүйемін сені, туған өлкем» атты көрсетілімдерін ұсынды. Іріктеу кезінді қазылар алқасы  қорғалған жобалардың әлеуметтік бағытына, тақырыптық өзектілігіне, практикалық маңыздылығы мен «Өзін-өзі тану» пәнімен байланысына ерекше мән берді.

Жалпы, фестиваль мектеп оқушыларының әлеуметтік  белсенділігін, қоғамдық өмірге атсалысуына, өзін-өзі тануына, идеяларын ұсынуға қабілеттілігін арттыру мақсатында өтіп келеді.

Қазылар алқасының шешімімен І-орынды Қызылорда қаласының құрама қомандасы иемденді. Ал, ІІ-орынды  Қазалы ауданы мен №10 «Білім – инновация» лицейі алса, ІІІ- орынды Жалағаш және Шиелі ауданынан келген  оқушыларға бұйырды.  Облыстық әлеуметтік жобалар фестивалінің жеңімпазы алдағы уақытта республика көлемінде өтетін шараға жолдама алды.

Сара АДАЙБАЕВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қаңтар 2018 г. 670 0