Қауіпсіздік талаптарын орындамаған 5 жұмысшы қаза тапты

2017 жылы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорында жұмысшылар қатты уланып, 5 жұмысшы қаза тапқан. Қайғылы оқиға жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан болған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетітінің төрағасы Ақмәди Сарбасов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Жұмысшылар көбінесе жарақатты тау-кен металлургия және құрылыс салаларында алады. Ал ШҚО, Қарағанды, Павлодар, Қостанай өңірлерінде және Алматы қаласында жұмысшылардың жарақат алу деректері жиі тіркеледі. Мысалы, 2017 жылы 1 678 жұмысшы жұмыс орнында жарақат алған. Салдарынан олардың 244-і қаза тапты», - деді төраға.

Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде жұмыс уақытында жарақат алу деректері 16% төмендеген. Осы орайда Ақмәди Сарбасов еңбекті қорғау саласында жұмыс берушінің еңбек жағдайын тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмауы салдарынан жиі заң бұзылатынын атап өтті.

«Азамат жұмыс орнында жарақат алып қалмауы үшін тиісті түсіндірмелік жұмыстар жүргізілмеу деректері тіркеледі. Мысалы, кәсіпорындарда болған тосын жағдайлардың түрлеріне тоқталайын. Олар көбінесе қозғалып және айналып тұрған құралдар мен бөлшектердің қатысуымен болады. Осындай деректерге қатысты оқыс оқиғаның үлесі – 14%, ал 13% оқыс оқиға жоғары қабаттан құлауға байланысты. Жалпы оқыс оқиғалардың 10%-ы ғимараттардың опырылуы мен құлауы, құралдардың сынуынан болады. Бұл жағдай жұмыс берушілердің еңбек жағдайына ат-үсті қарайтытын көрсетеді», - деді Ақмәди Сарбасов.

Сонымен қатар, ол кейбір кездері жұмысшылардың да қауіпсіздік талаптарын сақтамауы салдарынан оқыс оқиғалар болатынын айта келе, Қызылорда қаласында болған қайғылы оқиғаға тоқталды.

«2017 жылы Қызылорда облысындағы «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорында жұмысшылар қатты уланып, 5 жұмысшы қаза тапты. Қайғылы оқиға жұмысшыларға жеке қорғану құралдарының берілмеуі кесірінен болған», - деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетітінің төрағасы.

Сондай-ақ, Ақмәди Сарбасов жоғарыда аталған қайғылы жайттар болмас үшін 2016 жылы күшіне енген жаңа Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қаңтар 2018 г. 529 0