Қызылорда. Облыстық ішкі істер департаменті ӘПБ-ның жол патрульдік полиция қызметкерлері мен Қызылорда облыстық Кедендік бақылау департаменті қызметкерлері бірлесіп, «Транзит» профилактикалық іс-шарасын бастады.
Іс-шараның негізгі мақсаты шет мемлекеттерден заңсыз әкелінген немесе уақытша тіркеліп, республика аумағында екі айдан астам уақыт пайдаланылған автокөліктерді анықтауға бағытталған. Осындай заңсыз жолмен әкелінген көліктердің ішінде жалған мемлекеттік нөмір тағып, жол қозғалысы ережесін жиі бұзған және жол көлік оқиғаларына себепші болған шетелдік көліктердің иелері де жиі кездесетін болып шықты. Жол патрульдік полиция қызметкерлері «мұндай жалған нөмір тағушылар жол апатына себепші болып, оқиға орнынан бой тасалап кетсе, оларды анықтап табу қиын соғады» дейді.
Шараның алғашқы күнінде жалған нөмір тағып, қала орталығында сайран салған «Ауди» автокөлігі тоқтатылды. Ол автокөлік жүргізушісінің осы көлігімен қала орталығындағы көшелерде жол журу ережесін жиі бұзатындығы анықталған. Жол патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті тексере келе, көліктің көршілес Қырғыстан елінен заңсыз әкелінгенін анықтап, Қызылорда ОІІД ӘПБ-ның айып тұрағына тоғытты. Сондай-ақ жүргізушісінің 46 мың теңгеден астам айыппұлын төлемегендігі де белгілі болды. Айта кетейік, жыл басынан бері шет елдерден заңсыз әкелінген және уақытша тіркеуден өтіп, қайта шығарылмаған 4 автокөлік айып тұрағына қойылған.
І