
Өткен жылғы есепті кездесуде ауыл тұрғындарынан «Балажарма» каналын «Қос төбе» каналына қосу арқылы ауылға аяқ су келтіру, егіс көлемін ұлғайтып, мал жайылымдық жерлер дайындау, ауылға балабақша салу, сонымен бірге «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізінен ауылға дейінгі жолды күрделі жөндеуден өткізу және ауыл орталығына мобильді байланыс орнату сияқты мәселелер көтерілген болатын.
Аталған ұсыныстар бойынша жыл көлемінде біршама жұмыс атқарылды, атап айтқанда: «Балажарма» каналы арқылы 1,5 текше метр аяқ су беріліп, «Үсентай» каналының жанындағы мемлекеттік қордағы жерді жалға алу арқылы «Шабан ата», «Орныққан», «Шахзада», «Төкен ата» шаруа қожалықтары және осы шаруашылықтар арқылы ауыл тұрғындары көкөніс, бақша дақылдарын екті. Сондай ақ, 50 орындық №15 «Ақкөгершін» балабақша құрылысы басталды. Мобильді байланыс үшін ауыл орталығына антенна орнатылып, сол арқылы Kcell-Activ байланысы іске қосылды. Ауыл тұрғындарының арманы аудан орталығына қатынайтын жол болатын. Биыл ұзындығы 23 шақырым болатын жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 488,8 млн.теңге қаржы бөлініп, аталған жұмыстар ағымдағы жылы атқарылатын болады. Бұл туралы аудан әкімі ауыл тұрғындары алдындағы есепті баяндамасында баяндады.
Сонымен қатар, өткен жылы БҰҰ-ның Даму жоспарының негізінде округ орталығындағы Жеңіс көшесінен ойын алаңы, №199 орта мектеп жанынан жылыжай салынса, медициналық фельдшерлік пункт ел игілігіне пайдалануға берілді. Елді мекенді көркейту, көгалдандыру және абаттандыруға қаралған қаржы арқылы ауылға аяқ су келетін «Келте арық» каналы, ауыл ішіндегі аяқ су жолдары тазартылды, Сырдария өзенінің сағасына насос орнатылып, аяқ су мәселесі толық шешілді. 2017 жылы Төребай би ауылы бойынша жеке адамдар 40 га бақша, 32 га көкөніс, 32 га картоп ексе, шаруа қожалықтары бойынша 55 га күріш, 40 га мақсары, 90 га бақша, 30 га көкөніс, 20 га картоп егілді. Көкөніс, бақша дақылдарын егу арқылы халық өзіне қажетті азық-түліктерін дайындаумен қатар, ауылшаруашылығы тауарлары өнімдерін Жосалы, Төретам кенттері мен Байқоңыр қаласына сатуды дағдыға айналдырған. Ауылдық округте салық органына тіркелген 47 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. 2017 жылы мүйізді ірі қара малын өсіру, бордақылау мақсатында «Жосалы Даму» ауылшаруашылығы өндірістік копперативі құрылып, оған 23 адам мүше болып тіркелді.
Кооператив ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Береке» бағдарламасы арқылы 443 бас мүйізді ірі қара малын сатып алды. Ет бағытында мүйізді ірі қара малын бордақылауға қойса, сүт бағытында тасымал үшін «Ынтымақ» бағдарламасы арқылы «Газель» рефережатор алынды. Жиын соңында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық ақсақал сөз сөйлеп, аудан, ауыл әкімінің жыл бойы атқарған жүйелі жұмысына тұрғындар атынан жоғары баға берді.