Бұрынғы мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков өмірден озды

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстаның еңбек сіңірген өнер қайраткері, отандық мәдениеттің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан дарын иесі, он бір жылға жуық Қазақ КСР Мәдениет министрі болған Жексенбек Еркімбекұлы Еркімбеков 88 жасына қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ж.Еркімбеков Алматы мемлекеттік консерваториясын домбырашы-дирижер мамандығы бойынша бітіріп, Қазақ радио комитетінің жанындағы ұлт-аспаптар оркестрінде, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде домбырашы болды. 1956-1958 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры, Қазақ радиосы музыка редакциясының көркемдік жетекшісі, Қазақ КСР ән-би ансамблінің директоры, 1959-1961 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мәдениет секторының меңгерушісі, 1961-1966 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры қызметтерін атқарған. 1966-1976 жылдары Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінде өнер басқармасының бастығы, министрдің орынбасары, 1976-1987 Мәдениет министрі болып қызмет етті.

Жексенбек Еркімбекұлы Қазақ КСР Мәдениет министрі болып қызмет атқарған тұста мәдениет саласының кадрлар даярлау деңгейі айтарлықтай өсіп, ансамбльдер мен оркестрлер құрылды, жаңа театрлар, филармониялар, кітапханалар, мәдени орталықтар, жылжымалы автоклубтар және автомузейлер ашылған. 2 мәрте «Құрмет» ордені және бірнеше медальдарымен марапатталған.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 23 қаңтарда, Алматы қаласындағы Абай атындағы академиялық мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қаңтар 2018 г. 706 0