
Ұлттар арасындағы татулық пен бірлік – еліміздің басты құндылығы. Өңірімізде 11 этномәдени бірлестік бір шаңырақ астында дәстүрлерін жаңғыртып жұмыс жасап келеді. Соның бірі «Славяне» қоғамдық-мәдени бірлестігінің құрылғанына биыл 20 жыл толуда.
– Біздің орталық 1997 жылы 16 шілдеде құрылды. Ол кезде бірлестікте небәрі 200 адам болды. Этномәдени бірлестік құру идеясы ертеректе туындаған, бірақ сол уақыттарда жүзеге асыру оңай болған жоқ. Алғашында орталықта тек зейнеткерлер мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, ұстаздар басым болды. Ал, қазіргі таңда 3 жас пен 90 жас аралығындағы мыңдаған қызылордалықтар бар, – дейді бірлестік жетекшісі Галина Щербакова.
Галина Сергеевна орталық жұмысын 1998 жылдан бастап қолға алған. Оған дейін Нелли Литвинова жетекшілік еткен. Славян мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау, этносаралық келісімді нығайту, оны келер ұрпаққа өз қалпында жеткізу орталықтың басты мақсаты болғандықтан, бүгінде бірлестік ұжымы аймағымыздағы жоғары оқу орындары, колледж, мектептер және мектепке дейінгі орталықтармен тығыз байланыс жасап, түрлі шаралардың өтуіне ұйытқы болуда. Тек мәдени шаралардың аясында ғана емес, әлеуметтік маңызы зор мәселелердің де оң шешілуіне, сондай-ақ, қайырымдылық акцияларының өтуіне де өз үлестерін қосуда. Мәселен, орталықтың белсенді балалары жазғы демалыстарында Омск, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында демалуға мүмкіндік алса, белсенді орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерінің біліктілігін арттыру үшін Мәскеу мен Астанаға баруына жағдай жасалған. Сонымен қатар, бірлестіктің белсенді оқу озаттарына емтихан тапсырмай-ақ Ресейдің Псков, Астрахань, Орынбор, Уфа, Волгоград секілді қалаларында білім алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Мұның барлығы екі елдің арасындағы достықтың нәтижесі деп біледі бірлестік мүшелері.
Тағы бір айта кететін жай, қазіргі кезде этномәдени бірлестіктің негізінде «Надежда» жастар клубы, «Жемчужинка» би ұжымы, «Сударушки» вокалдық тобы, «Гармония» триосы мен «Канарейка» квартеттері, балалардан құралған «Веселушки» вокалдық тобы жұмыс жасауда. Түрлі тілдер мен фольклорлық жанрдағы әуендерді өз мәнерінде жеткізетін олар республикалық сайыстар мен фестивальдарға, аймақтық шараларға қатысып аянбай еңбек етіп келеді. Осылайша, бірлігі бекем, татулығы мығым, «Славяне» орталығы күннен-күнге өркендеп, барлық буын өкілдерінің қызығушылығын тудыратын үлкен мәдени ордаға айналуда.
– Жиырма жыл аз уақыт емес. Бұл уақыт аралығында еліміздің тұтас жаңа бір буыны қалыптасты. Осы орайда айта кету керек, алмағайып заманда қазақ халқы қаншама ұлт пен ұлысқа пана бола білді. Бәрімізге бірдей теңдік, еркіндік берді. Ұлт пен ұлысқа бөлмеді. Бірлігіміздің арқасында қазақ елімен бірге жасап, бір мақсатта жұмылып өмір сүріп жатырмыз. Мұның барлығы – Елбасының дана саясатының нәтижесі. Біз осындай дархан көңілді қазақ халқымен жасасып келе жатқанымызға мақтанамыз. Біздің жеткен жетістіктеріміз бен бірлігіміз ел болып жұмылған тұтастығымыз бен ынтымағымыздың арқасы деп білемін, – дейді Г.Щербакова.
Қызылорда қаласының 200 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл атаулы күнді «Славяне» өкілдері «Достық үйінде» ерекше ықыласпен атап өтпек. Бірлестік жетекшісінің айтуынша, ол күні славяне ұлтының әні шырқалып, биі биленеді. Оған қоса бірлестіктің белді мүшелеріне құрмет көрсетіліп, Ақтөбе қаласынан вокалдық фолк-модерн «Купава» тобы келіп қуанышқа ортақтаспақ.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».