Әлеуметтік қызмет көрсету үйі

  Кейінгі жылдары мемлекет пен жеке бизнестің жаңа формасы – мемлекеттік-жеке әріптестік кең қанат жаюда. Аймақта да «Аумақтық мемлекеттік жеке меншік әріптестік орталығы» құрылған. Нәтижесінде әріптестік жобаларды консультативтік сүйемелдеуге, инвестициялық қабілетті арттыруға күш салынып келеді. Әріптестік бағдарламасы аясында әлеуметтік салаға да айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағытта биыл Шиелі кентінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін шағын орталық жұмысын бастайды. Қарттар мен мүгедектерге көмек көрсету жобасы бес жыл мерзімге жоспарланып отыр. Игі бастамаға ұйытқы болған – «Думан - Шиелі» ЖШС.

– Ұсыныс облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасымен қаралды. Нәтижесінде жобаны іске асыру қажеттілігі туралы қорытынды жасалып, келісімге қол қойылды. Алдағы уақытта әлеуметтік қызмет көрсету үйінде 100 адам тұратын болады. Мұнда педагогикалық, психологиялық, заңдық және медициналық қызметтер көрсетіледі. Ендігі кезекте ғимарат құрылысын бастап, оны қажетті құралдармен қамтамасыз етуге жұмыс жасаймыз, – дейді серіктестік директоры Қанат Исмағұлов.

Бұл жерде үсынылған мүмкіндіктің екі тарапқа да тиімді екендігі тайға таңба басқандай айқын. Расында, әлеуметке пайдалы әріптестік мемлекет пен бизнестің өзара ынтымақтастығын арттырып, қажетті инфрақұрылымдарды тартуға мүмкіндік беруде. Ең бастысы, қоғам үшін қажетті басымдықтар ерекше назарға алынуда.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қаңтар 2018 г. 666 0