ТАБЫСҚА ТОЛЫ ЖЫЛ БОЛДЫ

Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есепті кездесуіне сәйкес, кезекті кездесу одан әрі Жаңақұрылыс ауылдық округінде жалғасты.
Бас қосуда алдымен аудан басшысы Елбасының биылғы жолдауымен таныстырып өтті. Одан әрі ауылдық округ әкімі Б.Әбдірайымов пен елді мекенге бекітілген учаскелік полиция инспекторының есптері тыңдалды.
Аталған округ әкімінің баяндауынша өткен жыл табысқа толы болып, жеке шаруашылық бағытында ілкімді істерге жол ашылған.
Мәселен, өткен жылы 3 шаруа қожалығы мен 1 кәсіпкер «Сыбаға» бағдарламасы аясында несие алып, мал басын асылдандыру жұмыстарын нәтижелі жүргізіп, мемлекет тарапынан субсидия алуға қол жеткізген. Бұған қоса, «Қожағұл ата» шаруа қожалығының төрағасы Е.Елшекенов жеке қаражаты есебінен сыйымдылығы 60 бас ірі қара малын бордақылау алаңын салып, мал бордақылаумен айналысып жатқан болса, «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жылқы шаруашылығын дамыту бағытында жеке кәсіпкер А.Әбдікеров «Арал ырысы» ЖШС арқылы 3 млн теңге қаржы алып, еңбек етуде. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер А.Есімов өз қаражаты есебінен балық өсіру тоғанын дайындап, 350 мың майда шабақ жіберіп өсіруде.
Бұдан өзге, өткен жылы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқарамсы ұйымдастырған мемлекеттік грант арқылы Д.Молдадосов 1,5 млн теңгеге наубайхана ашуға, Р.Демесінов темір бұйымдарын дәнекерлеу ісін жүргізуге 150 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген.
Осы және өзге де атқарылған жұмыстар легін баяндаған округ әкімі бұл бастамаларды жандандырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге жұмыс жасай беретіндіктерін жеткізді.
Тұрғындар одан әрі аудан әкімі М.Оразбаевтың 2017 жығғы есебін тыңдап, ағымдағы жылдың жоспарларымен танысып, көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Соның ішінде, зейнеткер С.Шалбаев «Қараарық» каналын құжаттандыру жұмыстарын жүргізуді және «Жаңақұрылыс-Бекарыстанби» автокөлік жолын аудан теңгеріміне алуды, сондай-ақ «Жаңақұрылыс-Қаратерең бағытындағы автокөлк жолына көктем мезгілінде тазарту жұмыстарын жүргізуді сұрады. Аудан басшысы жалпы тұрғындар атынан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы жеткізген мәселелер шешілетіндігін жеткізді. Жиын соңында ауыл ақсақалдары жұртшылық атынан аудан әкімінің есебіне ризашылықтарын білдіріп, оң бағасын берді.

Арал ауданы әкімдігі


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қаңтар 2018 г. 549 0