"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" биылдан қалмай жекешелендірілетін болды

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» биылдан қалмай жекешелендірілетін болды. Азаматтарға жеңілдетілген несиемен баспана алуға мүмкіндік беріп келген қаржы институтын иемденуге жүздеген шетелдік инвестор қызығып отыр екен деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасаған NUR.KZ.

1 миллион салымшысы бар, ең арзан ипотека беріп, нарықтың төрттен үш бөлігін қамтып отырған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жекешелендіруге шыққанын естіп, 249 қаржылық ұйым ниет білдіріпті. Былтыр олардың ішінен 14-і іріктеліп алынып, қазір олармен тиісті шаралар жүргізіліп жатыр екен.
"Қазіргі кезде инвесторлар банкті кешенді түрде сараптау жұмысын бастап кетті. Бұл шараларды 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін бітіру жоспарланған. Соның нәтижесінде тамыз-қыркүйекте қызығушылық танытқан нақты инвестордың соңғы ұсынысын аламыз деп отырмыз. Барлық қаржылық жұмыстар 2018 жылдың соңына шейін аяқталмақ", - дейді «Бәйтерек» басқарушы холдингі басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тәжіяқов.

Ал кәсіпкерлерді қолдайтын «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев «дегенімізге жеттік» деп қуанышын жасырмады.

"Біз кезінде 2-3 жыл бұрын депутаттық сауалымызда былай мәселе қойдық: «Не сол банкті жабу керек. Себебі ол жекеменшік банктерге бәсеке болып отыр. Не оны жекешелендіру керек. Ол басқа да жекеменшік банк ретінде істей берсін, тең жағдайда басқа банктермен». Егер «Бәйтерек» холдингі қазір ондай шешімге келсе мен тіпті оны қолдаймын! Ол дұрыс шешім", - дейді мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Алайда, Перуашевті әріптестерінің бәрі қолдамайды екен. Тәжірибелі экономист, қазіргі мәжілісмен Омархан Өксікбаев үкімет өкілдерінің «банктің негізгі акциясын сатпаймыз, сол арқылы басқарудан айрылмаймыз» дегені ақылға қонымсыз дейді.

"Ал енді жекеленсе тағы қандай болады деген күмән туады. Бұл жерде ол банкінің түсімі де азаяды деген менің өз пікірім бар. Сондықтан мен қарсымын оны жекешелендіруге. Әрине, үкімет өз тарапынан айтып жатыр «жекешелендірсек қосымша қаржы алдыртқан болар едік, мүмкін тағы да арзандатқан болар едік» деп. Оған менің күмәнім бар", - дейді мәжілісмен Омархан Өксікбаев.

Айта кетейік қазіргі кезде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 4-5 пайыздық мөлшерлемемен баспана алуға несие беретін жалғыз қаржы ұйымы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қаңтар 2018 г. 712 0