
Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары алдында өзінің 2017 жылға арналған есеп беру жиынын өткізді. Ауылдық мәдениет үйінде өткен жиынға ауыл тұрғындары, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Округте өткен жылы «Достық калпе» сүт өнімдерін өңдеу бағытында ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Қазіргі уақытта коорперативтің 33 мүшесі 273 бас мүйізді ірі қара сатып алып, жұмыстарын бастауда. Кооперативтің алға қойған негізгі мақсаты сүт өнімдерін шикізат түрінде емес өнімді өндеу және сату жұмыстарын жүргізу. Сондай ақ, өткен жылы ауылда еңбек ардагері Е.Сексенбаевтың 100 жылдық тойы кең көлемде аталып өтті.
Айтулы шара аясында ауылға кіре беріс жолдан бастап орталық көшелер және мәдениет үйі жөнделіп, ауыл орталығынан көрікті саябақ салынды. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу мақсатында «Ақтөбе и К» ЖШС-нің құны 210,0 млн теңге болатын Оңтүстік Кореялық қуаттылығы сағатына 5 тонна күріш өңдеу зауыты іске қосылды. Оған қосымша жоба құны 80 млн теңге болатын сиымдылығы 10 мың тонна астық сақтайтын қойма құрылысы салынып, пайдалануға берілген болатын.
Күріш дақылының экспорттық әлеуетін арттыру және әртараптандыру мақсатында аталған шаруашылық былтыр, тәжірибиелік негізде 70 гектар жерге күріштің Ирандық «Тором Хошеми» сортын егіп, жақсы өнім алды. Облыс әкімінің Иран Ислам Республикасына жасаған іс-сапары аясында ауылшаруашылығы өнімдерін Иран мемлекетіне шығару бойынша бірнеше келісімдерге қол жеткізілді. Осының аясында биылғы жылы ирандық сортты 800 га ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Сондай ақ, өндірістің өңдеу саласын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін 2017 жылы «Қармақшы-Құс» ЖШС-нің «Қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін зауытын ашу» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары басталды.
Ағымдағы жылдың соңына дейін зауыт іске қосылатын болады. Кездесу барысында ауыл азаматтары сөз алып, атқарылған істер мен межеленген міндеттерге «өте жақсы» деп баға берді.