
2018 жылдың 10 қаңтарында өздеріңіз білетіндей, Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жарияланған болатын. Сол мезеттен бастап Елбасы Жолдауы республикамыздың түкпір-түкпірінде талқыланып, түсіндіріліп те кетті. Бұл ретте Қызылорда қалалық ауруханасының қызметкерлері де қалт қалған жоқ, яғни Жолдау ақ халаттылар арасында да түсіндірілді.
Тарқатып айтар болсақ, 16 қаңтар күні Қызылорда қалалық ауруханасының мәжіліс залында «Шымбай» бастауыш партия ұйымындағы аурухана қызметкерлері арасында «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалының ұйымдастыруымен Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылау бойынша жиын болып өтті.
Жиынды аурухана бас дәрігері Бауыржан Төлегенұлы ашып, Жолдауға қысқаша тоқталып өткен соң, алғашқы сөз кезегін «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахмановқа берді.
Шәріп Әкбарұлы Жолдаудың нақты 10 міндетіне тоқтала келе, «Біз нұротандықтар, тыңғылықты ой жатқан Жолдауды халық арасында насихаттай отырып, Жолдаудан туындайтын міндеттердің орындалуы арқылы халқымыздың әлеуметтік тұрмыс жағдайын жақсартуға, экономикамыздың тұрақтап, өрлеуіне жететіндігімізге сенім білдіруіміз керек. Елбасы айтқандай - біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек», - деп қорытындылады.
Сонымен қатар дәрігер хирург, кәсіподақ ұйымының төрағасы Бауыржан Әнуарбекұлы Жолдаудың жетінші міндеті – Адами капитал – жаңғыру негізіндегі «Ұлт денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт» төңірегінде толығырақ тарқатты.
Жиында ақ халаттылар Елбасы Жолдауының міндеттерін талқылап, алдағы уақытта осы қадамдар бойынша жұмыс жасайтындарын айтып тарқасты.