
Кезекті кездесу Беларан ауылдық округіне қарасты Құланды елді мекенінде өтті. Мұнда да алдымен ауылдық округ әкімі Д.Қожахметов пен уяаскелік полиция инспекторы Ж.Дәулетов атқарылған істер бойынша есепті баяндама жасады.
Баяндау барысында Досжан Қожахметов Беларан округінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аясында халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар игі жұмыстардың атқарылғанын, сондай-ақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша мал басының артқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, өткен жылы ауылда жаңа типтегі 20 орындық балабақшасымен 50 орындық мектеп ғимараты қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілді. Жаңа ашылған мектепке 5 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ауылдық округ әкімі осылайша саралай келе, кәсіпкерлік саласы бойынша жоспарланған жұмыстар легін де атап өтті.
Бұдан соң Арал ауданының басшысы М.Оразбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы баяндап берді. Салыстырмалы түрде ауданның ауыл шаруашылық өнімінің көлемі, төрт түлік мал басының өскені, мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Бизнестің жол картасы-2020» тағы да басқа бағдарламалардың орындалу деңгейі, шағын және орта кәсіпкерлік, тұрғын үй құрылысы, автомобиль жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеу, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салалары, жастар саясаты, абаттандыру бағытындағы атқарылған істерге жан-жақты тоқталып, слайд арқылы шолу жасады.
Ауыл тұрғындары өз кезегінде көкейде жүрген мәселелерін аудан басшылығына жеткізді. Мәселен, ауыл ақсақалы Т.Медеталиев учаскелік полиция инспекторына қызметтік көлік алуына және жедел-жәрдем көлігіне қосалқы бөлшектер алып беруге ықпал жасауды сұраса, С.Даулетов спорт секцияларын ашуға мамандар бөлуді ұсынды.
Сауалдарға жауап қайтарған аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы да хаттамаға түсіріліп, ол бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Жиын соңында өткен жылда атқарылған жұмыстарға ризалықтарын білдірген ауыл тұрғындары ауыл әкімі мен аудан әкімінің есептеріне оң бағаларын берді.