ТЕГІН ОҚЫП, ҚАРЫЗДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ

Жақында ауылдан туыс інім келді. Университет бітіргеніне бір жыл болған. Ауылдан жұмыстың ыңғайы табылмапты. Содан Алматы қаласына барып, сонда уақытша жұмыс істеп жүреді. Бірде анасы қоңырау соғып, жоғары оқу орнынан хат келгенін айтады. Хатта қарызды қайтару керектігі ескертілген. Әлгі інім бар шаруасын қойып, ауылға тартады.  Хатты алып, оқу орнына барады. Ондағылар оған мамандық бойынша жұмыс жасамағанын айтып, ендігі әрекетін түсіндіріпті. Сонда ғана Мақсат істің мәнін түсінген. Ол ауыл квотасы бойынша университет пен студент арасындағы келісімшартқа қол қойғанымен, құжаттың өзіне жүктеген міндеттеріне мән бермеген. Оқу бітірген соң ауылға барып үш жыл еңбек етуі керектігі ойына кіріп-шықпаған. Салдары міне.
«Мамандығым – еңбек пәнінің мұғалімі. Ауыл мектебінде бос орын болмады. Аудан орталығындағы  бір білім ошағымен сөйлескен едік. Жалақысы мардымсыз. Жолақысынан артылмайтыны белгілі. Амал жоқ, «екі қолға бір күрек» деп Алматыға аттандым. Әрине, онда да маған дайындап қойған тұрақты жұмыс жоқ еді. Енді ауылда кем дегенде 3 жыл жұмыс жасауым керек»,- дейді ол.
Расында, Мақсат Әлденов секілді қаншама жастар тегін білім алғанына мәз. Тек оның өтеуін де естен шығармаған абзал.  Ал, ауыл квотасы бойынша  грант жеңіп алып, оқуын аяқтап, бүгінде жемісті еңбек етіп жүрген жастар да жетерлік. Солардың бірі – Ұлдана Мырзатаева. Ол Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу  мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда ауыл мектебінің жанынан ашылған шағын орталықта еңбек етіп келеді. Енді бір жылдан соң  тиісті  шартты орындайды.
Осы орайда ҚР «Білім туралы» Заңында: «Ауылдық квота шегінде педагогикалық, медициналық  және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен  ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін тиісінше мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық  жерлерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында кемінде үш жыл жұмысты өтеуге міндетті» делінген. Алайда, көпшілік ҚР Білім және ғылым министрлігінің мұндай талабынан бейхабар. Тек Мақсат секілді үйіне хат келгенде ғана түсініп жатады. Енді бірі соңғы курстарда естиді. Кейбір ауыл баласы қалаға үйреніп, сонда тұрақтап қалуды жөн санайды. Сондықтан, бүгінде ауыл жастары жұмыс іздеп қалаға ағылады. Шалғай ауылда қалса,  өркениеттен құр қалатындай. «Жайлы жұмыс, мол жалақы, бақуатты өмір тек үлкен шаһардан табылады» деген көзқарасы қалыптасқан жастарымыз қаншама?
Аталған грантпен оқуға түскен бір студентке жылына 400 мыңнан астам қаржы бөлінеді. Мемлекеттік тапсырыспен ЖОО-да білім алатын жастар университетті бітіргеннен кейін шартта көрсетілгендей мамандықтары бойынша жұмыс жасамаса, қазынадан оқуға бөлінген қаржыны қайтаруға тура келеді. Сондықтан, тегін білім алуға берілген мүмкіндікті  ұтымды кәдеге асыра білу керек. Ауыл мектебін бітірген бала қосымша артықшылықтарға ие. Мәселен, ҰБТ балы бойынша қала мен ауыл баласының  ұпайы бірдей конкурсқа түссе, олжа ауыл баласына бұйырады.
Жалпы, ауылдан түлеп ұшқан жастарды оқытып, жоғары білімді мамандарды ауылдың әлеуетін көтеруге жұмылдыру мақсатында бөлінген квоталар 2007-2008 оқу жылынан бастап беріле бастады.  Нәтижесінде қаншама түлек тегін білім алуға қол жеткізді.  Дегенмен, тегін оқып, қарызданып қалмаңыз.  

Сара АДАЙБАЕВА,  
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қаңтар 2018 г. 938 0