
"Туған жерге тағзым" жалпы республикалық акциясы аясында Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылының №33 орта мектебінде «Мектебіме тағзым» акциясы болып өтті. Акцияға осы мектепте оқыған еліміздің әр қиырында түрлі қызмет жасап жүрген 1970 жылдан бастап 1994 жылы туылған азаматтар шақырылған. Жалпы акцияға әр жылы туылған, осы мектептен білім алған азаматтар жиналып акцияға өз үлестерін қосты.
Шарада сөз алған Бұқарбай батыр ауылының әкімі С.Байділдаев акцияның маңызына тоқталып, келген қонақтарға алғыс білдіріп, өз үлестерін қосуға шақырды. Сонымен қатар, «Байтабын» ЖШС-нің төрағасы С.Мыханов сөз сөйлеп, акцияға қосқан үлесі туралы айтып, мектептегі білім алушыларға әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.
1994 жылы туылған біздің замандастарымыз да акцияға өз үлесімізді қосып, мектеп ұжымы мен оқушыларына шығармашылық табыс тіледік. Акция соңында №33 орта мектеп директоры Е.Боранбаев сөз алып, акцияға қатысқан азаматтарға алғыс хаттар табыстады. Акция барысында ауыл өнерпаздары келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, көрермен кошеметіне бөленді.