Алдағы асу – цифрлық өркениет

Кезекті Жолдауда цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамыту қажеттілігі көтерілген. Ол ­Назарбаев Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығы төңірегінде қалыптаспақ. Аталған бағытта өңірдегі жетекші жоғары оқу орны – Қорқыт ата атындағы ҚМУ да жүйелі қадамдар жасауда.

Бұл туралы кеше Өңірлік коммуникация­лар қызметінде өткен баспасөз конференциясында университеттің Ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру басқармасының бастығы, техника ғылымдарының кандидаты Қуаныш Дәуренбеков пен Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Сәбит Ибадулла мәлімдеді.

– Қазір университет білім беру үдерісіне Назарбаев Университеті тәжірибесін жос­парлы түрде енгізді. Халықаралық және республикалық технопарктермен байланыс орнады. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес, университет базасында инжинирингтік орталық ашылды. Ғалымдар ақылды технологияларды пайдалану бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізіп келеді. Өткен жылы «Ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру» басқармасы құрылған болатын. «КазРоботикс» қазақстандық робототехника федерациясымен мамандар даярлау мақсатында меморандумға қол қойылды. Бүгінде «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер» кафедрасының студенттері робототехника бағыты бойынша тиісті пәндерді оқиды. Университеттің «E-Univer» жүйесінде де мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық стандарты қамтылып отыр. Алдағы уақытта облыс әкімдігі мен Microsoft компаниясы арасындағы келісімге сай, университет базасында Microsoft академиясы ашылмақ. Онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет сияқты келешегі кемел салаларды дамыту – жастардың қолында. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» ­Жолда­уы аясындағы жаңашылдықты пайдалану арқылы біз бәсекелестікті арттыра аламыз, – деді Қ.Дәуренбеков.

Жиын барысында Сәбит ­Ибадулла университет мұражайының «Smart museum» интерактивті жүйесін енгізу қолға алынғанын айтты. Мұражайға келушілер енді барлық объектілерді 3D визуализация арқылы тамашалауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, мұнда «Big Data» үлкен деректермен жұмыс жасау, жасанды интеллект бағыттында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Еске сала кетейік, бұған дейін университеттің ІТ мамандары дайындаған бағдарламалар бірқатар білім бөлімдеріне енгізілді. Робототехника бойынша «Ақтөс» роботы Жапония еліндегі роботтар сайысында назарға ілікті. Сонымен қатар өңірдегі ақпараттық технологияларға қызығушы жастарға арналған «HackDay» байқауы ұйымдастырылып, ерекше қолдауға ие болды. Спикердің пікірінше, ендігі кезекте сол жағалаудағы ІТ квартал қолданысқа берілсе, Сыр жастары Жолдауда айтылған басым бағыт бойынша тыңғылықты жұмысын жалғастырып, жоғары көрсеткіштерге ие болады.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).

 

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қаңтар 2018 г. 549 0