Жалағаш. Аудан әкiмi С.Сермағамбетов кент көшелерiн аралап көрдi. Биылғы түскен қалың қар қасаттанып, аудан тұрғындарын бiршама әбiгерге салды, шаруашылыққа да керi әсерiн тигiздi. Қыстайғы түскен осы қалың қардың көктем шығып, күннiң көзi жылт еткеннен сел болып ағып, тұрғындардың көше бойымен жүруiне қиындық туғызатыны хақ.
Мiне, осы мәселелерге байланысты аудан басшысы, аудан әкімінің орынбасары А.Дәрiбаев, кент әкiмi Қ.Құлмаханов және "Өңiр қызметi " ЖШС -нiң директоры Ә.Шадаевқа орталық алаң, орталық стадион және орталық базар маңының қары мен мұздақтарын тазалап, басқа да көлiк қозғалысына қиындық туғызатын көшелердi көк мұздан арылтып, тазалығын қатаң қадағалауда ұстау керектiгi жөнiнде нақты тапсырмалар бердi.
Сондай-ақ, кенттiң шет аймақтарындағы көпқабатты үйлердiң жәй-күйiмен танысты. Содан соң, өткен аптада қалың қардың салмағын көтере алмай шатыры ортасына түскен Аманкелдi көшесiнiң бойындағы көп пәтерлi үйдiң жайын көрiп, тұрғындарымен тiлдескен С.Сермағамбетов, қыраулы қыста пәтер иелерiн азапқа түсiрген апатты жағдайды жедел арада қалпына келтiру жұмыстарымен танысып, қосымша атқаратын жұмыстарды міндеттеді.