
Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Жамбыл облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты.
Отырыс барысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Президентінің облыс мәслихатының депутаттарына бағытталған хатын оқып берді. Онда Жамбыл облысының әкімі қызметіне Асқар Мырзахметовты тағайындау туралы Елбасының ұсынысы жазылған. Депутаттар Президенттің ұсынған кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Бұдан кейін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Жамбыл облысы активімен кездесіп, жиын барысында жаңа әкімді таныстырды. Асқар Мырзахметов бұған дейін вице-премьер және ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін қоса атқарып келген болатын.
Бақытжан Сағынтаев облыстың бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевқа бірлесіп атқарған жұмыс үшін алғыс айтты. Таныстыру барысында Б.Сағынтаев Асқар Мырзахметовтың түрлі жауапты басшылық лауазымдардағы мол тәжірибесін атап өтіп, жаңа басшылыққа Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауын өңірде іске асыру бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.
Сондай-ақ облыс активімен кездесу барысында «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, «Еңбек ері» Мұқаш Ескендіров, Жамбыл облысының қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев сөз сөйледі.