
Кезінде тұз кенішін өндіруден ТМД елдері ішінде төртінші, ал өз елімізде бірінші орынды иемденген, ең сапалы ас тұзын өндіретін ірі өндіріс орны «Аралтұздың» ауданымыздың ғана емес, еліміз экономикасының дамуында елеулі үлесі бар.
Осы орайда, ауданымызға арнайы келген Мәжіліс депутаттарының жұмыс сапары Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» акционерлік қоғамында жалғасты. Мекеменің жұмыс барысымен танысқан депуттатар бұл арада тұз өнімдерін өндіру жөнінде толыққанды мәліметтерге қанықты. Сонымен қатар, жұмысшылармен тілдесіп, өзара ұсыныс-пікірлермен алмасқан аудан қонақтары 2016 жылы іске қосылған полимер цехына да ат басын бұрды.
Айта кету керек, 2012 жылдан бастап «Аралтұз» АҚ-на жаңа инвестордың келуіне орай, көптеген игілікті жұмыстардың шарасы жүзеге асты. Соның ішінде, Елбасының қолдауымен жүзеге асқан индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы – бизнесті дамытуға және жаңа бастамаларды іске асыруға жол ашылып, «Аралтұз» АҚ ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасын іске қосқан. Жобаға 2,5 млрд теңгенің үстінде инвестиция салынып және дүние жүзі бойынша тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтың көшбасшысы Испания компаниясының құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 120,0 мың тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділікті 1,7 есеге ұлғайтуға мүмкіндік алды. Бұрын «Аралтұз» АҚ-на ішкі нарықта ас тұзының 70% тиесілі болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы ішкі нарықтағы үлес 90% дейін жеткен. Сәйкесінше, сыртқы нарықтағы үлесі де ұлғайған. Қазіргі таңда, әлеуметтік тұрғыда зауытта барлығы - 1200-ге жуық жұмысшы қызмет атқаруда. Алдағы уақытта кәсіпорын химия өнеркәсібін дамыту мақсатында кальцийлендірілген сода және кір жуғыш ұнтақ шығару жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр.