
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен бастауыш және мектепке дейінгі балаларға арналған жаңажылдық шырша кеші өтті.
Мерекелік шыршаға қаладағы №№5, 23, 198, 233 орта мектептер мен православ шіркеуінің жексенбілік мектебінің қатысушылары, бірлестік пен өзге де этномәдени орталықтардың белсенді балалары, «Анар Бэби» оқу орталығының бүлдіршіндері, жас хоккейшілер, жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар, барлығы 750 бала қатысты.
Шарада жаңажылдық қойылымдар қойылып, әннен шашу шашылды. Сондай-ақ, бүгінгі күннің Халк, Бэтмен, Супермен секілді заманауи кейіпкерлері өнер көрсетіп, халық биін биледі. Кеште ертегінің ең жағымсыз кейіпкері Жалмауыз кемпір де балалардың қуанышына ортақтасса, Фиксики жаңажылдық шыршаның шамдарын жақты. Мұнан өзге балалар Виктория Миклина, Валерия Флорова, Данил Есинмен бірге ән айтып, әртүрлі жұмбақтардың шешуін шешті. Арқан тартысып, қызықты эстафеталарда өз ептіліктерін танытты.
Рождество қарсаңында өткен мерекелік кештің соңында Қазақстандағы Ресей елшілігі атынан барлық қатысушы балаларға тәтті сыйлықтар таратылды. Осылайша, балалардың қуанышы еселене түсті.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
«Сыр бойы».