Осы жылдың 21-ші ақпанынан 22-сіне қараған күні Жаңақорған ауданында жаңбыр жауып, арты ақ ұлпа қарға ұласты. Ауа-райының күрт жылуына байланысты Қаратаудың қары еріп, ауданның шығыс беткейіндегі көшелерді су басты. 30 үйдің ауласы суға толып қалды. Аталған мәселеге орай «Облыс әкімі аппаратының жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы» КММ бастығы Мыңдәлда .Ршауов, Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сағынбек Өмірзақов, «ҚазСуШар» РМК Қызылорда облыстық филиалының директоры Болат Арыстанбаев, ҚР ТЖМ «Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағы» ММ басшысы Бақыт Ембергенов журналисттерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Төрт күннен бері төтеншеліктер зардаптың салдарын жоюда жұмыс жасап жатыр. Ауданның барлық техникасы осында жұмылдырылған. 400-ден астам түрлі саланың мамандары аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетті.
– Алғашқы күннен бүқаралық ақпарат құралдары өкілдері оқиға орнынан табылды. Әрине, дұрыс. Бірақ жалған мәліметтер тарады. «Аудан халқы су астында қалды» деп барлығын дүрліктірді. Шын мәнінде 30 үйдің ауласын су алды. Ондада әжетханалары мен өжірелеріне су кірген. Жұдырықтай жұмылғанның нәтижесінде бұл қауіп қазір басылды. Барлық көшелер мен аулаларға құм төселді. Тікұшақпен аудан үстін қарағанымызда тауда қар бар екенін көрдік. Бізге ауа-райының бір жылып, бір салқындап тұрғаны тиімді болып тұр, - дейді Сағынбек Өмірзақов.
Мамандар ең алдымен тасқын суды Самара-Шымкент-Жаңақорған көпірінің астынан бөгеп, су арнасын басқа қауіпсіз бағытқа бұрған. Техниканың да басым бөлігі осы жұмыстарға жұмылдырылыпты. Содан кейін үй-үйлерге құм тасылып, көшені шайған суды арнайы көліктермен тазартқан.
«Мұндай жағдай орын алуы мүмкін екендігі тұрғындарға ескертілді. Бірақ ешқайсысы көшуге келіспеді. Су алған уақытта халық абдырап қалды. Оны да түсіну керек. «Ешқандай көмек болмай жатыр» деп байбалам салды. Жана әріптесім айтқандай техникалардың басым бөлігі алдымен судың бағытын бұруға пайдаланылды. Көмек қажет тұрғындардың барлығына жәрдем беріп жатырмыз. Құлап қалу қаупі бар бірде-бір тұрғын үй жоқ, - дейді «Облыс әкімі аппаратының жұмылдыру жұмыстары және дағдарыс жағдайындағы шұғыл талдау орталығы» КММ бастығы М.Ршауов.
Арнайы құрылған комиссия шығынның көлемін есептеп жатыр. Мамандар егер қандай да залал анықталса, ол өтелетіндігін айтты.