
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев енгізген индустриалды-инновациялық саясаттың басты мақсаты – шикізаттық бағыттан бас тартуға ықпал ететін экономика салаларына инновациялық технологияларды енгізу арқылы мемлекеттің тұрақты дамуына қол жеткізу. Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміздің мүмкіндігінше осы жүйеге жылдам көшу керектігін атап өткен болатын. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты стратегиясында сервистік-технологиялық экономикаға өту үшін жағдай жасау керектігін де айтқан еді. Индустриалды-инновациялық саясат бойынша өңдеуші өнеркәсіптер және қызмет көрсету салаларында бәсекеге қабілетті және экспортқа негізделген тауарларды, жұмыстар және қызмет көрсетулер өндірісін дамыту мәселесі ең бірінші орынға қойылады.
2017 жылдың тоғыз айында өнеркәсіптік өндірістің көлемі 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға өсіп, 6,5 триллион теңгені құраған. Сондай-ақ, фармацевтикада, жеңіл өнеркәсіпте, металлургияда, машина жасауда, мұнай өңдеуде, азық-түлік өнімдерінің өндірісінде және химиялық өнеркәсіпте өсу байқалады.
Индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсатты индикаторлары бойынша оң қарқын байқалады. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,1 пайызға өсіп, 9,9 миллиард долларды құрады. Агрохимия, мұнай өңдеу және қара металлургия секторларында елеулі өсім байқалады. Бүгінде қазақстандық өңдеу өнеркәсібі өнімдері 115 елге экспортталады. Кейбір тауар түрлері бойынша өнім өткізудің жаңа нарықтары ашылды. Жыл сайын 380-нен астам экспортшы қаржылық әрі сервистік қолдауға ие болады.
2016 жылы Ұлттық экономика министрлігі шикізаттық емес экспортқа қолдау көрсету жүйесін құру мақсатында Ұлттық экспорттық стратегияны әзірлеп, қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленіп, бекітілді.
Кazakh Invest инвестициялар бойынша мамандандырылған ұлттық компаниясы шетелдік өкілдер мен өңірлік бөлімшелер желісі арқылы қызмет көрсетеді. Өңдеу секторына жеті жылдың ішінде 26 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Инвестициялар құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 19,5 пайызға өсті. Өсім қарқыны өткен жылы да сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі 3,5 пайызға артып, 599 миллиард теңгені құрады. 2017 жылғы І тоқсан нәтижелері бойынша кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі 16,1 пайызға өсті. Негізінен өсу басымдықты секторларда орын алды: мұнай-газ химиясы, қара металлургия, мұнай өңдеу саласы.
Бағдарламаны іске асыру экономика мен өнеркәсіп құрылымының өзгеруіне әсер етті. Мәселен, өңдеу секторының экономика дамуына (ЖІӨ) қосқан үлесі 2015 жылы 10,1 пайыздан 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 11,9 пайызға дейін, өнеркәсіпте – 2010 жылы 31,8 пайыздан 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 40,7 пайызға дейін, экспортта 2010 жылы 27,9 пайыздан 2017 жылдың 8 айында 32,7 пайызға дейін өсті.
Еліміздің индустриалды-инновациялық дамуы бағытында мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап, қазынадан қыруар қаржы бөлгендіктен, бұл салаға көпшілік айрықша назар аударып отыр. Мәселен, соңғы 7 жарым жылда 1000-нан астам жоба қолға алынып, оған 5 триллион теңге бөлінген. Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар Елбасының тікелей тапсырмасымен іске қосылған. Арнайы экономикалық аймақтарды құруға 330 миллиард теңге жұмсалды. Сол арқылы қажетті инфрақұрылымы қалыптасқан нысандарға инвесторлар келіп, серпінді істер қолға алынды.
Арнайы экономикалық аймақ – экономикалық дамудың қозғаушы күші, инфрақұрылымды дамытудың маңызды факторы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың 21 шілдесінде арнайы экономикалық аймақтарды басқару және олардың жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңға қол қойған болатын. Бұл заң арнайы экономикалық аймақтарға кәсіби басқарушы компанияларды тартуға жол ашады. Сонымен қатар, заң бойынша салық жеңілдіктерінің пакеті анықталды.
Қазіргі таңда елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Жалпы алғанда, арнайы экономикалық аймақ құрылған сәттен бастап 682 миллиард теңгеден астам сомаға 157 жоба іске қосылды, 11,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Елдің экономикалық әлеуетін арттыру үшін құрылатын индустриялдық аймақтар 100 жылдан астам уақыт бұрын Ұлыбританияда және АҚШ-та пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Еуропада кеңінен қолданыла бастады. Бүгінде әлемде 20 000-нан астам индустриалды аймақ бар. Бүгінгі күні «Ақтөбе» индустриялдық аймағында 2,2 миллиард теңгеге 3 жоба іске қосылды, оның ішінде қауіпсіз жабындылар, антифриздер және үшқабатты қабырға блоктары бар. Сомасы 9,5 миллиард теңге болатын 6 жобаның құрылысы жүргізілуде, жалпы сомасы 76,2 миллиард теңге болатын 4 жоба бойынша құрылыс бастау үшін жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, 85 миллиард теңге болатын 13 жобаны игеру қолға алынды, индустриялдық аймақтың тиімді алаңының 50 пайызы игерілді. Индустриалды аймақты 100 пайыз игеру 2018-2019 жылдарға жоспарланған.
Сонымен қатар, биылғы жылы Батыс Қазақстан облысында инвесторлардың қатысуымен жаңа индустриалды аймақ құрылады. Жалпы аумағы 300 гектарды қамтитын кешен құны – 14 миллиард теңге. Жобаға қажетті қаржының басым бөлігі өңірдегі ірі қазба байлығын игеруші компаниялар есебінен бөлінеді. Ал инфрақұрылым тарту жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Аймақ «Орал» халықаралық әуежайына таяу маңда салынады. Мұнда негізінен машина жасау кәсіп-орындары орналасады.
Ал 2010 жылдан бастап қызмет көрсететін «Оңтүстік» индустриалды аймағында жалпы сомасы 55,8 млрд теңгеге, 5000 жұмыс орны ашылатын 85 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 21,4 млрд теңге сомасында, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылған 46 жоба жүзеге асырылған.
Сондай-ақ, қазіргі таңда облыстың аудандары мен қалаларында өзге де индустриалды аймақтарды құру жұмыстары жалғастырылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін 9 аймақ пайдалануға берілген, олардың жалпы ауданы 699 гектарды құрайды. Жалпы, облыстың барлық индустриалды аймақтарында сомасы 167 млрд теңге болатын 10 мың жұмыс орны ашылатын 173 инвестициялық жоба іске асырылуда. Индустриалды аймақтың инвесторларға дайын инфрақұрылым, нарық құнынан төменгі бағада жерді сатып алу немесе жалға алу мүмкіндігін, ыңғайлы логистикалық жүйе, табиғи монополиялар қызметтеріне төмендетілген тарифтер мен жобаларды сүйемелдеуді ұсынатынын айта кету керек.
Қызылорда облысында Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 610 миллиард теңгеден асатын 24 жоба жүзеге асырылмақ. Олар іске қосылғанда 6 мыңнан аса азамат жұмыспен қамтылады. Экспортқа бейімделген 2 кәсіпорынды іске қосу да жоспарланып отыр. Олар: үш оксидты молибден өндіріс кәсіпорны мен шыны зауыты. Бұрын өңірден экспортқа тұз, балық және сұйытылған газ өнімдері шығарылатын болса, биылғы жылдан бастап глицерин қышқылы концентратын Қытай еліне және «Фирма Балауса» ЖШС Ұлыбританияға метаванадат аммоний өнімдерін экспорттауды бастапты.
Индустриялдық және арнайы экономикалық аймақтардың қызмет етуі елімізде шикізаттық өндірістен сапалы, қайта өңделген өнімдерді шығаруға және шикізаттық емес экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Ж.ӘЛМАХАН.