ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жылдық қорытынды алқа мәжілісін өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыс әкімінің кеңесшісі Айгүл Сағымбай, басқарма басшысы Олжас Акимов және спорт саласының мамандары қатысты.
Мәжілісте Руслан Рүстемұлы аймақ спортшыларының биылғы жылы жеткен жетістіктері мен еліміздің Әнұранын әлемдік ареналарда шырқатқан бірқатар үздік­терді марапаттап, спорттық атақтар беру туралы куәліктерді табыстады.
Атап айтсақ, биыл 17 спорт майталманы жоғары нәтижеге қол жеткізді. Олардың қатарында индорхоккейден «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағын алған Сұлтанбек Қобландин, «ҚР еңбек сіңірген спорт шебері» атағын – тоғызқұмалақтан 3 дүркін Әлем чемпионы Хәкімжан Елеусінов, «ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері» дәрежесін алған, ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Аят Әмірбеков бар. Бұған қоса, бірқатар спортшылар «ҚР спорт шебері» атанғаны туралы куәлік алды.
Жыл қорытындысы бойынша үздік спортшылар, жат­тық­­тырушылар, ­спорттық-бұқа­ра­лық жұмыстарды жолға қоюда ұйым­дастырушылық жұмыс­тары­мен танылған қалалық, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдері мен мектептері басқарма дипломымен марапатталды.
Бокстан Әлем және Азия чем­пионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ­грек-рим күресінен V Азия ойындары және Әлем чемпионатының қола жүл­дегері Айдос Сұлтанғали, мәнер­­леп сырғанаудан қысқы Азия ойын­дарының қола жүлдегері Элизабет Тұр­сынбаева «Жылдың үздік спортшысы» атанды.
«Жылдың үздік жаттықтыру­шысы» атағына бокстан ҚР еңбек сіңірген  жаттықтырушысы Ғалымжан Байғұндиев, грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Юн, байдарка мен каноэде есуден облыстың аға жаттықтырушысы Мұхитдин Миербеков лайық деп танылды.
Сондай-ақ, қалалық, аудандық спорт бөлімдері арасында алғашқы орынды Қызылорда қаласы жеңіп алса, Жаңақорған және Сырдария аудандық спорт бөлімдері тиісті орындарды иеленді. Ал, спорт мектептері арасында №1, №2 және №5 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектептері жоғары орындарды еншіледі.
Басқарманың атқарған жұмы­сына келетін болсақ, облыста спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 27,1 пайызға көтеріліп, 211271 адамға жеткен. Өткен жылы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған 1571 іс-шара өткізілсе, оған 450200 адам қатысқан. Нақты кезеңде аймақта 2176 спорт ғима­раты жұмыс жасайды, оның 1417-сі ауыл­дық жерде. Ғимарат саны 56-ға артқан.
Облыстық ­бюджеттен Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжар­ма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде спорт кешендерінің құрылысы бас­талды.
Былтыр облыс спортшылары ел чемпионаттарында 796 медальді (204 алтын, 248 күміс, 344 қола) жеңіп алды. Ал, Азия және Әлем чемпионаттарында 91 ­медальді (29 алтын, 26 күміс, 36  қола) иеленді. Ұлттық құрама сапында 420 спортшымыз бар.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қаңтар 2018 г. 556 0