
Жыл алмасқан шақтағы асып-тасыған көңіл-күй адамдардың алдағы күнге деген алғаусыз сенімімен астасып, ақ тілектер ақтарылатыны белгілі. Есіктен еніп, төрімізге озған Жаңа жыл мерекесін облыс аудандарының тұрғындары да ерекше қуанышпен, шаттықпен қарсы алды.
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаланың орталық алаңында Жаңа жыл мерекесіне арналған шара ұйымдастырылды. Орталық алаңда орналасқан биіктігі 23 метрлік шыршаның айналасы және сахна тақырыпқа сай безендіріліп, жергілікті өнерпаздар қала тұрғындары мен қонақтарына өнерлерін көрсетті. Қызылордалықтар өткен жылдың жетістіктері мен жаңа жылға межеленген жоспарларға қанықты. Жаңажылдық мерекеге арнайы шақырылған әнші Қайрат Нұртас кештің көрігін қыздырып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара жаңажылдық отшашумен аяқталды.
***
АРАЛ. Жаңа 2018 жылды Арал ауданының жұртшылығы да шат-шадыман көңіл-күйде қарсы алды. Елімізде өткен ғасырдан бастау алған бұл мерекені кең көлемде атап өту бүгінде дәстүрге айналды. Аралдықтар орталық алаңға жиналып, қуаныштарымен бөлісті. Мерейлі мерекеге орай аудан тұрғындары мен қонақтарының назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Орталық алаңға жиналған жұртшылық Жаңа 2018 жыл да өңіріміз үшін табысқа толы, мерекелі-берекелі жыл болады деген сенімде. Ауа райының суықтығына қарамастан, Жаңа жылды алаңда қарсы алғандардың қарасы қалың. Олар биыл да қызылды-жасылды түске боялып, айналаны мерекелік көңіл-күйге бөлеген мерекелік отшашуға куә болып, кей тұрғындар бұл сәтті суретке түсіруге асықты.
***
ҚАЗАЛЫ. Ауданда 2017 жылды қорытындылауға арналған салтанатты шара өтті. Салтанатты кеште жылдың нәтижелі болуына үлес қосқан «Жыл үздіктері» түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Аудан тұрғындары мен қонақтары мерекені орталық алаңда ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Алдағы уақыт көшінен әрдайым қуаныш, жақсылық, жағымды жаңалық күтетін, өткенге есеп беретін, келешек бағыт-бағдарын, мақсат-міндетін белгілейтін үміт пен сенім мерекесін жұртшылықтың асыға күткені байқалады. Осы күні белгілі әншілер Нұрболат Абдуллин мен Қуандық Рахым қазалылықтарды Жаңа жылмен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
***
ҚАРМАҚШЫ. Аудан жұртшылығы адамзатқа сенім мен үміт сыйлайтын мерекені сән-салтанатымен атап өтті. Мерекелік кеште ауданның экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы табысталды. Сондай ақ, жыл бойына жоғары көрсеткіштерге жетіп, үздік деп танылғандар «Жыл үздігі-2017» арнайы номинацияларымен марапатталды.
Жаңа жыл мерекесін қарсы алу үшін аудан тұрғындары мен қонақтарына халықтық серуен ұйымдастырылды. Күннің суығына қарамай орталық алаңда әсем безендіріліп орнатылған ауданның бас шыршасының жанына жиналған халықтың қарасы көп болды. Аудан өнерпаздары «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік бағдарлама ұсынды. Шара соңы мерекелік отшашуға ұласты.
***
ЖАЛАҒАШ. Аудан үшін берекелі де жемісті болған 2017 жылдың соңғы сәттерінде аудан тұрғындары мен қонақтарына арналған жаңажылдық мерекелік концерт өтті.
Мерекелік кеш аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, жиналған жұртшылық мерекелік отшашуды қызықтады. Алаңға жиналған қауым көз қарықтырар сұлулықты көріп, құлақ құрышын қандыратын әсем әуендерден рухани ләззат алып тарасты.
***
СЫРДАРИЯ. Аудан әкімі Ғанибек Қазантаев Жаңа жыл мерекесіне орай аудан ардагерлерінің үйін аралап, қарияларды құттықтады.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, ақын Мұхтар Сақтаповтың шаңырағында болып, қарияға мерекелік лебізін білдірді. Соғыс ардагері, сырдариялық майдангер Маханбет Бержановтың шаңырағында болып, арнайы әзірленген сыйлықтарды табыс етті. Қарт майдангер Яхия Тасыров мерекемен құттықтап барған басшыларға алғысын білдіріп, тәуелсіздіктің тағы бір жылы табыспен аяқталғанына шүкіршілік айтты. Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында жемісті еңбек еткен Зоя Алданқызы да өзіне көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, көш басында болу үшін жасалып жатқан жұмыстарға ризашылық білдірді.
***
ШИЕЛІ. Аудандық мәдениет үйінде жыл қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар «Жыл қамқоршысы», «Жыл қаламгері», «Жылдың үздік кәсіпкері» «Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері», «Жас көшбасшысы» секілді номинациялар бойынша марапатталды.
Жаңа жыл мерекесіне орай аудан орталығында өткен мереке барша жұртшылыққа қуаныш сыйлады. Үміт пен сенімге толы сәтте атқарылған істердің қорытындысы шығарылып, мақсат-міндеттер нақтыланды. Мереке облыс, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
***
ЖАҢАҚОРҒАН. Осы ауданға қарасты Талап ауылдық округі жастары Жаңа жыл мерекесін кең көлемде атап өтті. Жастар бастамасымен арнайы би кеші ұйымдастырылды. «Бесарық» бекеті клуб үйінде ауыл әкімінің шыршасы аталып өтілді. Көңілді кешке ауылдағы барлық өнерлі, үздік, үлгілі оқушылар жиналды. Балбөбектердің басын қосқан мерекеге ауыл бойынша 40 оқушы қамтылды. Олардың ішінде аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
Барлық оқушыларға тәтті толы сыйлықтар үлестірілді.
Мерекеге жиналған көпшілік оқушыларға арнап ертегілер әлемінен сыр шертетін түрлі қойылымдар қойып, шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Өткен жылы Жаңақорған ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Үздік аудан» атанды. Мұндай серпінді серпіліс барлық салада да байқалды. Әсіресе, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, құрылыс қарқыны, салық базасын ұлғайтуда жетістіктерге жетті.
М.МЕРЕЙ.