
Тоқсан жылға жуық тарихы бар облыстық «Сыр бойы» газеті – аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне, мәдени түлеуіне қызмет етумен қатар, қазақ баспасөзінің дамуына да өз үлесін қосып отырған беделді басылым.
Газеттің саяси, рухани рөлі ешқашан өз дәрежесін жоғалтқан емес.
Бір бүйірден нарық бағасы, бір бүйірден электронды басылымдар мен әлеуметтік желілер қысып жатқанда да жерлестеріміз төл басылымдарының төрдегі орнын төмендеткен жоқ. Біз сол үшін қуанамыз. Өйткені, бұл газет талай азаматты атқа мінгізіп, талай таланттың тұсауын кескен көнекөз абыз, көнермес шежіре.
Газетке жазылу науқаны жылына 2 рет жүргізілетінін жұртшылық жақсы біледі. Осыған орай 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығына бағытталған жазылым нәтижесі қалай болды, осыған сөз арнамақпыз.
Әлгінде айтқандай, аудан халқының санына қарай оңтайлы есептелген меже бойынша 31597 дана газет жазылымы жоспарланған еді. Бұл көрсеткіш күні бүгінгі есеппен 30000 данаға жетті. Әрине, жазылым мұнан әрі де жүргізіле береді. Дегенмен, өз өңірінің жарқ еткен жаңалығын жарғақ құлағы жастыққа тимей жариялап, жақсысын дәріптеп, жаманын әдіптеп жазып отырған төл басылымдарына аудандар мен мекемелердің қалай атсалысқанын да айта кету орынды.
Алынған меженің пайыздық көрсеткішін – Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қазалы, Жаңақорған аудандары асыра орындаса, қалған екі ауданның межесі жетеқабыл болды. Төменгі пайыз Қызылорда қаласында тіркелді. Орталықтағы мекемелер ішінде бірқатар құқық қорғау органдарының, теміржол саласы мен мұнай компанияларының үлесі цифрға шағуға келмейді. Баспасөзбен жиі байланысып отыратын аталған мекемелер бұл мәселеге қайта айналып соғар деп сенеміз.
Пайызға шаққанда Шиелі ауданы жазылым мәселесінде жылдағыдай әбжілдік танытып, межені артығымен орындады, 113,3 пайыз.
Ағайын, ілімдар Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «газет – халықтың тілі, көзі һәм құлағы». Біз қашанда осы қағидаға саймыз. «Бір беті жаңалық, бір беті даналық» деген бағытымызды маңдайға алып, ит жылындағы игіліктерге де өздеріңізбен бірге ортақтаспақпыз.
«Сыр бойы» ақпарат.