Арал. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхтар Оразбаевтың төрағалығымен бағаны тұрақтандыруға байланысты жұмысшы топтың отырысы өтті. Бұл мәселе бойынша тиісті сала басшылары мен кәсіпкерлер жиналды.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бағаны тұрақтандыру мақсатында аудандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сататын 10 кәсіпкермен бағаны негізсіз көтермеу жөнінде 2014 жылдың аяғына дейін меморандумға отырылды. Олар негізінен ұн және ұн өнімдерін, өсімдік майын, көкөніс, жеміс-жидек әкелуші кәсіпкерлер. Облыста белгіленген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түліктің бағасы туралы күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр.
2014 жылдың 11 ақпаны күні теңге еркін нарыққа жіберілгенімен 24 ақпан аралығымен салыстырғанда ауданда азық-түлік бағасы негізінен тұрақтылығын сақтап келеді. Халық көп тұтынатын І сортты 1 қап ұн 2800-2900 теңгеден болса, сиыр еті 1100 теңге, түйе еті 1000 теңге, жылқы еті -1300 теңгеден, картоп 110-теңгеге, ал, жуа 80 теңгеден, сәбіз 90-теңгеден, қырыққабат 80-теңгеден, қант 150- теңгеден сатылуда.
Халықты арзан бағадағы азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында "Байқоңыр" ӘКК"ҰҚ"АҚ-мен келісім-шартқа отырып, өңірлік азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорынан алған арзан бағадағы 1 тонна сәбіз, 10 тонна жуа, 3 тонна қырыққабат, 10 тонна қант өнімдері әкелінді. 2012 жылдың 27 шілдесінен бастап ұн бағасының қымбаттауына байланысты ауданда 2 жеке кәсіпкер ұн таратушы оператор болып меморандумға отырып, 1 қабын 2600-2700 теңгеден сатып келеді.