
Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын пиротехникалық бұйымдардың да көбейе түсетіні белгілі. Бұл күндері сату орындарында әртүрлі отшашулар, бенгаль оттары және сапасыз шырша шамдары көптеп сатылуда. Бірақ кейбір көз қызығарлық ойыншықтар қоршаған ортаға зиянын тигізіп, қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Мұндай заттарды қолдану кезінде тиісті нұсқаулықтармен танысып, қауіпсіздік ережелерін естен шығармау қажет.
Пиротехникалық заттарды мүмкіндігінше қауіпсіз жерлерде қолданыңыз. Оларды дұрыс пайдалана алмасаңыз, денсаулығыңызға зиян келтіріп, материалдық зардап шегуіңіз мүмкін. Жан-жағыңыздың қауіпсіздігі үшін отшашуларды жоғарыға қарай бағыттап ату керектігін ұмытпаңыз.
Бүгінде базарларда пиротехникалық бұйымдарды қолдан жасау фактілері жиі кездеседі. Сондықтан мұндай бұйымдарды сапасы жағынан талапқа сай келетіндігін дәлелдейтін арнайы құжаттары бар дүкендерден сатып алған жөн. Барлық сертификаты бар тауарларда міндетті түрде арнайы нұсқаулықтары, өндіруші зауыттар атауы, шығарылған уақыты мен пайдалануға дейінгі мерзімі көрсетіледі. Отшашуларды белгілі бір ережеге сәйкес, дұрыс пайдалана білу қажет. Мысалы, жанып тұрған жарылғыш отшашуды ешқашан қолда ұзақ ұстап тұруға, адамдар арасына тастауға, жабық банкада, шелекте және құтыларда ұстауға болмайды. Сондай-ақ, оны тек ашық ауада қолданып, 5-10 метр қашықтықта орналасу керек. Пайдаланылмаған жарылғыш отшашулар арнайы орамда сақталғаны дұрыс.
Қызылорда облысы ТЖД.