
Жуырда Шиелі ауданында халқының азаттығы үшін аянбай күрескен Мұстафа Шоқай туралы түсірілген «Ардағы еді түркінің» атты деректі кинофильмнің тұсауы кесілді.
Шиелі ауданында өткен осы рәсімге аудан, мекеме басшылары мен ардагер ақсақалдар және көптеген тұрғындар қатысып, мәні мен маңызы зор деректі фильмді тамашалады. Аталған құнды дүниені «Түркі әлемі» халықаралық киностудиясы түсірген. Оның президенті, бірнеше халықаралық сыйлықтың иегері, жазушы, журналист Доқтырхан Тұрлыбек өз лебізін былай білдірді: – Азаттықтың жаршысы, күрескер Мұстафа Шоқай туралы фильм түсіру идеясы маған осыдан бірнеше жыл бұрын келген еді. Ал соңғы үш жыл көлемінде нақтылай жұмыс істедім. Ардақтымыздың жүрген жерлері Берлин мен Парижге арнайы барсам, Санкт-Петербургке бірнеше рет сапар шектім. Сондай-ақ, өткен жылдан бері Мұстафа Шоқайдың туған өлкесі – Сыр өңірінде болып, оның туған жері Наршоқы қыстауынан да көріністер алдым. Туыстарының сөздерін жаздым, тың мәліметтер жинадым. Тарихшы-ғалым М.Қойгелдінің пікірі де бар. Осы рухани мәні мол шараға қолдау білдірген Шиелі ауданының басшыларына, басқа да тілектес болған жерлестеріне ризашылығым шексіз. Өйткені, бұл –Алаш ардақтысына, түркі әлемінің көрнекті өкіліне білдірілген құрмет болуымен қатар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінен қуат алған дүние.
Иә, халқымызға тарихтың тың дерегін тарту еткен деректі фильм отандастарымыздың ынтымағын арттырып, бірлесе тіршілік етуіне үндейтін шығарма болғанын бұқара білді.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы.