
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Esperanza» мейрамханасында «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы өтті. Жаңажылдық шырша мерекесіне әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар балалары қатысты.
Мерекелік шараны облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова ашып, қайырымдылық акциясының маңыздылығы жайында айта келе, балғындарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мұнан кейін шырша шамы жағылып, ортаға Аяз ата мен Ақшақар шықты. Қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжі мен Өнер мектебінің өнерпаздары балаларға арнап сахналық қойылымдар қойып, ән-жырдан шашу шашты. Шараға қатысушылардың бірі – Жұлдыз Байменова. Ол – көп балалы ана. Бүгінгі мерекелік кешке Ардана мен Гүлдана атты егіз қыздарын ертіп келіпті. Өнерлі өрендер Аяз атаға арнап тақпақтарын айтты. Жұлдыз қайырымдылық акциясын ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Кеште балаларға қуаныш сыйлап ғана қоймай, мерекелік дастархан жайылды.
Балғындардың жүзі қуаныштан бал-бұл жанған. Барлығы мерекелік киімдер киген. Шетінен өнерлі. Бірі тақпақ айтса, енді бірі ән салды. Бірі түрлі ұлт өкілдерінің биін биледі. Мерекелік кеш оларға керемет көңіл-күй сыйлады.
Аталған мейрамхана директоры Нұржігіт Ниязбек балаларды мерекемен құттықтап, 40 балаға сыйлық табыс етті. Жалпы, бұл кәсіпкердің алғашқы шарасы емес. Бұған дейін мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап, Жаңа жыл кешін ұйымдастырып, мерекелік дастархан жайып, сый-сияпат көрсеткен. Сонымен қатар ауыр дертке шалдыққан бүлдіршіндерге де қаржылай көмек беріп келеді. Жас кәсіпкер алдағы уақытта да мұндай игі шаралардың жалғаса беретінін жеткізді.
Қайырымдылық акциясы жүрегі жомарт жандардың қолдауымен одан әрі жалғасатын болды.
Сара АДАЙБАЕВА.