
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Берікбол Байхожаев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру мақсатында кешенді жоспар бекітілген. Қазір өңірде парақорлықтың алдын алуға бағытталған 13 жоба жүзеге асырылуда.
– Бүгінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында мыңнан астам кездесу өткізілді. Сондай-ақ, мобильді топ аудан және қала әкімдіктері жанынан құрылып, апта сайын ауылдық елді мекендерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары мен жемқорлыққа қарсы тұрудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндіруде. «Азаматтық бақылау» жобасының аясында да қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, тұрғындардың жер, денсаулық сақтау, тұрғын үй және әлеуметтік мәселелері бойынша сауалдарына жауап берілді. Заң талабына сәйкес, тиісті әдістемелік көмек көрсетіліп, 5 азаматтың жазбаша өтініші қаралды. «Құпия сатып алушы» тәсілі бойынша «Ақиқат Айнасы» ҚБ бірлесіп, №3 емханада, облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон бөлімдеріне және облыстық халыққа қызмет көрсету орталығында мониторинг есебінде түсірілімдер жасалды. Қоғамдық мониторингтің нәтижесі негізінде семинар-кеңес ұйымдастырылып, мекемелерге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берілді. Осы тектес жүйелі жұмыстар індетпен күресуге, жемқорлық сипатындағы қылмыстың азаюына септесуде, – деді Б.Байхожаев.
Сондай-ақ, брифингте мемлекеттік қызметшінің тәртібін қадағалайтын Әдеп кеңесі төңірегінде әңгіме қозғалды. Мәліметке сүйенсек, биылғы кеңес отырыстарында 50-ге жуық мәселе қаралған. 18 қызметші түрлі тәртіптік жазаға тартылыпты. Мәселен, 12 шілдедегі кеңесте Жаңақорған аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы С.Асеновтың тәртіптік ісі қаралып, оған лауазымдық жалақыдан 200 пайыз мөлшерінде, яғни 379 776 теңге сыйлықақы заңсыз төленгені анықталған. Қорытындысында С.Асеновке «Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылып, қаржы мемлекет пайдасына қайтарылған. Қазіргі таңда да Жаңа жыл мерекесіне орай мемлекеттік қызметшілер мен мекеме қызметкерлерінің заңсыз сыйлық немесе заңсыз сыйақы алуының алдын алу мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге қоғамдық бақылау жүргізілуде.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Суретті түсірген:
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.