
Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте биылғы жылы облыстағы жастар саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстар бойынша басқарма басшысы Еркебұлан Меңлібаев кеңінен айтып берді.
Сыр жастары қашанда белсенді. Олар қай салада болса да жетістікке қол жеткізіп келеді. Біз мұндай жастармен мақтанамыз. Әсіресе, биылғы жыл қызылордалық жастар үшін жемісті жыл болды. Мәселен, атап айтар болсақ, жерлестеріміз бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова, «Бала дауысы-2017» ұлттық ән байқауының гран-при иегері Назерке Шамбинова жеңіс тұғырынан көрініп, облыстың намысын асқақтатты. Мұндай білікті де білімді және қайсар жастарымыз жетерлік.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, облыста 14-29 жас аралығында 192912 жас тіркелген. Олардың 81054-і қала жасы болса, 111858-і ауылда тұрады. Жастар өңірдегі жалпы халықтың 25 пайызын құрап отыр. Биылғы жылы аймағымызда 15-28 жас аралығындағы экономикалық белсенді жастар саны 98500 болды. Оның 4500-і жұмыссыз болса, 94000-ы жұмыспен қамтылғандар. Сонымен бірге олардың арасында жалдамалы қызметпен айналысатын және өз бетінше жұмыспен қамтылған жастар да бар. Осы жылдың қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайыз болған. Басқарма басшысы жастар арасындағы жұмыссыздықтың негізгі себептерін анықтау мақсатында атқарылған шаралар мен жұмыстар жайына тоқталды. Бұл орайда тәжірибенің жоқтығы, мамандықтың сұранысқа сәйкес келмеуі, ұсынылған жұмыстың жалақысының аздығы, белсенділіктің төмендігі мен тұрақты жұмыс орнының аздығын жүргізілген сауалнама нәтижесінде айқындап берді.
Айта кетерлігі, республикада алғаш рет «Қызылорда облысында жастар саясатын дамытудың 2021 жылға дейінгі жол картасы» облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Жол карта негізінде 10 басым бағыт анықталып, 32 нысаналы индикатор енгізілді. Шараны жүзеге асыру барысында басқармамен 17 әлеуметтік жоба іске асты. Бұдан бөлек, жұмыссыз, жазасын өтеп шыққан жастарды қоғамға бейімделу үшін «Go working» орталығы жұмысын ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы қолға алынған. Жоба аясында мұндай жастарға тегін оқу курстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорттық сайыстар, кездесулер мен білім беру ұйымдарымен бірлесіп профилактикалық шаралар өткізуде. Оған қоса, жазғы маусымда жастардың бос уақытын ұтымды пайдалану негізінде «Жасыл ел», «Жас құрылысшылар» еңбек жасағы мен «Ұлағат ұландары» педагогикалық жасақ құрамы жұмыс жасады. Бұл шараға 1401 жас тартылды.
Биылғы жылы 16 мыңнан аса жас мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдаланған. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 198 маман бір жолғы көтерме жалақы иемденген. Ал, 559 маманға тұрғын үй алуға және салуға жеңілдетілген несие берілді. Жастарды тегін оқу курстарына қатыстыру, кәсіпкерлікпен айналысатындарға қолдау білдіру бағытындағы жұмыстар да жүйелі атқарылып келеді. Осы орайда жұмыспен қамту орталықтары тарапынан 110 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 3500 жас қатысып, 2450 тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.
Шара соңында Еркебұлан Меңлібаев басқарманың алдағы уақытта да атқаратын жұмыстары ауқымды екенін жеткізді.
Сара АДАЙБАЕВА.