
Жуырда облыстық партия филиалы атқарылған жұмыстары жайлы брифинг өткізді. Онда жетекші партияның пәрменді ісі айқын аңғарылып тұрды.
– Еліміздегі билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді бөлуге қатысты Конституциялық реформа және Елбасының мақаласында көзделген мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру, әліпбидің бірыңғай стандартын талқылау, маңыздылығын халыққа жеткізу, түсіндіру жұмыстарында партияның барлық құрылымдық бөлімшесі үлкен белсенділік танытты. Құрамында спикерлер пулы және партия белсенділері, тіл мамандарынан жасақталған 12 ақпараттық насихат топтың 4747 шарасы ұйымдастырылып, оған 340 000 азамат қамтылды», – деді журналистермен болған брифингте облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдауына жыл басынан 3688 тұрғынның өтініші түскен. Жалпы бұл өтініштер өткен жылмен салыстырғанда 382-ге артық болып отыр. Өткен жылы әрбір алтыншы өтініштің оң шешімі табылса, биыл оның әрбір төртіншісі оң шешілген.
– Мәселен, жаз мезгілінде қала және аудандардан 125 мүмкіндігі шектеулі баланың «Тау самалы» тынығу лагеріне демалуына қаржылай қолдау көрсетілсе, Арал ауданының 10 әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы үйлеріне газ жүйесі жүргізіліп берілді. Партия белсендісі, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Қ.Бедер баспанасыз жандарға үй салып берді. Партия тарапынан жасалып отырған мұндай көмектер көптеп саналады. Осы жерде айта кету керек, биыл облыстық партия филиалының ұйымдастыруымен алғаш рет қоғамдық қабылдау жұмыстарының қорытындысымен «Үздік депутат», «Үздік мемлекеттік орган» байқауы өтті. Байқау қорытындысына сәйкес, мемлекеттік органдар арасынан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жеңіп алса, облыстық мәслихат депутаты Бағдаулет Мақашев «Үздік депутат» атанды. Бұл байқау келер жылы да жалғасатын болады», – деді И.Құттықожаев.
Өңірде партиялық жобалар аясында 1477 шара өткізіліп, оған 300 000-ға жуық тұрғын қамтылған.
«Партияның идеологиялық мақсаттары қоғамды біріктірудің, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың, елімізді дамытудың негізін құрағандықтан халықтың әлеуметтік әлсіз тобын қорғауға, өңірдегі әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына партиялық жобалардың маңызы зор. Демек, жобалар аясындағы жұмыстар жыл бойына жалғасын таппақ.
Жиында партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен партияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының салалық бағыттарын жүзеге асыруға негізделген комиссиялардың жұмыстары да айтылды.
Мемлекет басшысы, Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша әзірленген «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2017 жылғы бекітілген облыстық филиалдың жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы облыстық филиал жанындағы Қоғамдық кеңестің – 3, аумақтық филиалдар жанындағы Қоғамдық кеңестерінің 30 мәжілісі өткен. Денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау, жоғары технологияны дамыту, индустриалды даму, мемлекеттік қызмет көрсету, аграрлық сектор, білім бағыттарындағы комиссиялардың есепті мерзімде 27 отырыстары және 4 партиялық тыңдауы өткен. Тиісті ұсыныстар орталық партия аппаратына жолданған.
Брифинг барысында Ибадулла Құттықожаев Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесі отырысында партияның жаңғырту бағытындағы жұмыстарына тоқталып өтті. Облыстық партия филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Сабанбаев жасотандықтардың атқарған жұмыстарын кеңінен баяндады.
Шынар БЕКБАН.