
Теңіз төскейінде Жаңа жылды қарсы алуға арналған қызықты шаралар жалғасын табуда. Бүгінгі қызықты шара мүмкіндігі шектеулі балаларға арналды. «Халық үні» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен қаладағы «Достар» салтанат сарайында өткен жаңа жылдық шырша кешіне 100 бала қатысты.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев елімізде, Сыр өңірінде, теңіз төскейінде жас ұрпаққа Мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі істерге кеңінен тоқталды. тарқатып айтты. Шырша тойында балғындар аяз ата мен ақша қардан сыйлықтар алып, зор қуанышқа бөленді. Осылайша игі іске бастамашы болған азаматтар тағдыр сынағын тартқан жандардың өңіне шаттық ұялауына себепкер болды. Аудандық оқушылар үйінің өнерпаздары болса балалардың қиялына қанат бітіріп, ертегілер әлемінің қаһармандарын сомдап, түрлі ғажайыптарға толы қойылымдар көрсетті. Қуанышқа кенелген балалар салтанатты кеште ризашылықтарын танытып, өздерінің ақжарма тілектерін арнады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың бойына өмірге деген құштарлық нәрін себуді мақсат тұтқан кеш өзінің мәресіне шарықтап жетті.
Айта кетерлігі, думанға қатыса алмай отырған 10 бала да назардан қалыс қалмады. Бірлестік мүшелері олардың үйлеріне барып, сыйлықтар тапсырды.
Жұмабек Табынбаев,
Арал ауданы.