
Астана қаласының 20 жылдығына орай «Қызылорда марафоны-2017» қайырымдылық шарасы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, игі іске өз үлесін қосты.
Ұлт саулығын көздеген бастамаға 300-ден аса қала тұрғыны қатысты. Марафон ҚР Тұңғыш Президент саябағынан басталды. Қатысушылар 10 шақырымды артқа тастап, орталық алаңға дейін жүгіріп келді. Ең бастысы, марафонға қатысушылардың әрқайсысы 500 теңгеден жарнапұл төлеп, қайырымдылық шарасына белсене араласты.
Бұдан жиналған қаражат қаладағы «Жастар үйінің» тұрғындары мен жастарға арналған спорт алаңын салуға жұмсалады.
Спорттық шарада сөреге алғаш болып жеткен әйел, ер адамдар жас ерекшеліктеріне қарай жеке-жеке марапатталды. Оларға белсене араласқаны үшін Алғыс хаттар табыс етілді.
Ұлт саулығы мен ұлағатты істі ұштастырған игі шара облыс әкімдігінің, «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» қауымдастығы «Жас Отан» жастар қанаты, «Тарлан» спорт кешені мен «Zangar Sport» және «Жомарт» қоғамдық бірлестіктерінің бастамасымен жүзеге асты.
М.ЖАСҰЛАНҰЛЫ.