ЭЛЕКТРОНДЫ ЖҮЙЕНІҢ ТИІМДІЛІГІ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Электронды сот төрелігін» дамытуды жүзеге асыру тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Шыңғыс Аманқұлов, қалалық соттың судьясы Камшат Садуақасова қатысты.
Қалалық соттың судьясы К.Садуақасова «Электронды сот төрелігін» бұдан кейін кез келген азамат пайдалана алатынын айтты.
– Сот өндірісіндегі істердің саны көбейген сайын, қағазбастылықтан арылу қажеті туындады. Осыған орай, сот жүйесі толығымен электронды жүйеге өтуге алғашқы қадамдарын жасады. Қазірде ақпараттандыру жүйесінің кеңістігі ұлғайды. Қазақстан аумағындағы соттарда кеңінен қолданысқа енгізілген негізгі электрондық қызметтер яғни «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі, «Сот кабинеті» ақпараттандыру жүйесі, сот отырысының аудио-бейнетіркеуі, «Талдау» форумы, «Ахуалды орталық» жұмыс жасауда. «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесі істердің, арыздардың автоматты тіркелуіне және бөлінуіне, олардың қаралатын мерзімдерінің сақталуын бақылауды, статистикалық және аналитикалық есептердің жобалануын, іс жүргізудің оңайлатуын, сот өндірісіндегі істер жөнінде жылдам ақпарат алуын қамтамасыз етеді, – деді ол.
Электронды сот төрелігі бағытындағы келесі жаңашылдықтың бірі – сот бұйрығын шығару туралы арыздардың электронды түрде қаралуы. Сот бұйрығы – өндіріп алушы мен борышкерді шақырмай-ақ және сот талқылауынсыз шығарылатын сот актісі. Жергілікті органдардың сот бұйрығын шығару туралы арыздардың тек қана электронды түрде қабылдануына негізделген пилоттық жоба сынақтан сәтті өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Азаматтық процестік кодекстің 136-бабына сәйкес, сот бұйрығын шығару туралы арыз сотқа жазбаша немесе электронды құжат нысанында беріледі. Осыған сүйеніп, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-дан, «Энергосервис» ЖШС-нан, Мемлекеттік кірістер басқармасынан және тағы басқа мекемелерден арыздар электронды түрде түсуде. Судьяның сот бұйрығын шығару туралы арызды қарауы, сот актісінің әзірленуі, орындауға жолдауы тек электронды негізде жүргізіледі.
– Айта кету керек, енді басқа қалада жүрген кез келген азамат сотқа бейнебайланыс арқылы қатыса алады. Ол үшін тек өзіне жақын жердегі сотқа бару керек, – деді К.Садуақасова.
Сонымен қатар, Жоғары Соттың сайтында 2014 жылы «Сот кабинеті» сервисі іске қосылды. Сервистің қызметін пайдаланып отырған, электронды цифрлық қолтаңбаға ие азаматтар ешқайда шықпай сотқа талап арыз, шағым, өтініш, пікір немесе қарсы талап арызды электронды түрде бере алады. Және мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлейді. Аталған сервиске деген халықтың сұранысы күн санап артуда. Оған дәлел, 2016 жылдың 11 айында Қызылорда қалалық сотына «Сот кабинеті» арқылы электронды түрде 9180 талап арыз тіркелсе, 2017 жылдың 11 айында 18046 талап арыз келіп түскен.

Шынар БЕКБАН.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 желтоксан 2017 г. 526 0