
Тұрғындар асыға күтетін мейрамдардың бірі – жаңа жыл да таяп қалды. Мереке қарсаңында шетелден әкелінген сертификаты жоқ пиротехникалық жарылғыш, жанғыш заттардың заңсыз сатылымға шығатыны да белгілі. Адам көп жиналатын орындарда, мерекелік кештерде пиротехникалық заттарды бей-берекет атып ойнау айналамызға қауіп төндіреді. Соның салдарынан өрт оқиғалары, басқа да қайғылы жағдайларға жол беріліп, күйік жарақатын алу фактілері кездесіп жатады. Әсіресе кішкентай балалардың әрекетінен осындай оқиғалар көп ұшырасады.
Мерекелік кешті жақсы өткізумен қатар қауіпсіздік ережелерін сақтаған да артық болмас деп ойлаймыз. Мәселен, шыршаны бөлменің ортасына орналастырып, сонымен қатар шырша мен бөлме төбесінің арақашықтығы 1 метрден кем болмағаны тиімді. Одан бөлек жаңажылдық ағашты орнатқанда оған келетін электр желісінде кернеу 12 В аспағаны абзал. Егер электр желілері қызып, басқа да ақаулары кездессе, бірден тоқ көзінен ажырату керек. Қауіпсіздік үшін ескеретін тағы бір жайт – шыршаны мақтамен көмкеруге және жарық шамдарды жанғыш заттармен көлегейлеуге болмайды.
Индира ШУЕТОВА,
мемлекеттік өрт бақылау тобының инженері,
азаматтық қорғау капитаны.