
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс орталығындағы «Аль-Асад» сауда үйінің қабырғасына Алаш қозғалысының қайраткері, ұлт күрескері Мұстафа Шоқай құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов исі Алашқа ғана емес, түбі бір түркіге ортақ тұлғаның өмір жолына тоқталып, ақсақалдармен бірге мәрмәр тақтаның ақ жамылғысын түсірді.
Мұнан соң ҚМУ профессоры Қ.Құдайбергенов, саяси ғылымдар докторы Ә.Бәкір, мұстафатанушы Б.Атабаев сөз алып, Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында қолға алынған бұл іс-шараны ұлт жаңғыруының бір көрінісіне балады.
Ақын Дүйсенбек Аяшұлы батыр бабасының рухына бағышталған жырын оқыды.
Бүгінге дейін бір тасы мүжілмеген бұл ғимарат осыдан 139 жыл бұрын ірге көтеріп, Перовск училищесі болыпты. 1899-1902 жылдары осы оқу ордасынан бала Мұстафа білім алған. Мұнан соң ол 1902 жылы Ташкенттегі гимназияға түсіп, оны 1910 жылы үздік бітіріп шығады. Мұстафа Шоқай 1910 жылы Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, сол кездерде түркі-мұсылман студент жастарының қозғалысына қатысқан.
Осылайша саяси көзқарасы қалыптасқан Мұстафа 1917 жылы қарашада өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының төтенше 4-ші съезінің төралқасына басшылық етеді. Съезд шешімімен құрылған Түркістан (Қоқан) автономиясының Халық Кеңесі құрамына сайланды және Уақытша үкіметтің Сыртқы істер министрі болды.
1920 жылы Тбилисиде украиндықтармен бірлесе отырып «На рубеже» журналын шығаруды жолға қойып, оның редакторы жұмысын жасады. Сонымен бірге ол «Шафақ» газетіне бас редактор болды. Тбилиси қаласы Кеңес өкіметінің қолына өткен соң Мұстафа Шоқай зайыбымен бірге Түркияда біраз аялдап, соңынан Францияға ауысты. Шетелдік эмиграция жылдарында көптеген қиыншылықтарды жеңе отырып, ол кең ауқымды, терең мазмұнды саяси күрес жүргізді. А.Керенскийдің «Дни» және П.Милюковтың «Последние новости» газеттерінде қызмет етті.
Эмиграцияда жүрген түркі-мұсылман халықтарының Ә.Топчибашев және Г.Исхаки секілді өкілдерімен жиі араласып, пікірлес болды. Оларды Ресейдегі түркі-мұсылман халықтарын азаттыққа жеткізуде күш біріктіре әрекет етуге үндеді. 1929 жылдан «Яш Туркестан» журналын шығаруды қолға алды. Осы журналда Түркістан халқының мәдениеті, кеңестік биліктің бұл өлкедегі саясаты және 2-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы халықаралық қатынастар, т.б. тақырыптағы қоғамдық-саяси мәні өткір зерттеу мақалаларын жариялады. Оның атсалысуымен жарық көрген басылымдарда тек Түркістан өлкесі ғана емес, Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Жайық бойы, Қырым халықтары жөнінде қоғамдық-саяси мәні бар материалдар басылып тұрды.
Осы қызметтерінің өзінен Мұстафа Шоқайдың қазақ халқына ғана емес, барлық мұсылманға қадірлі тұлға екенін аңғаруға болады.
Бүгінде Алматы қаласында Мұстафа Шоқай есімімен аталатын көше бар. Сонымен бірге оның есімі Қызылорда қаласындағы Экология университетіне, мектепке және қаланың орталық көшелерінің біріне берілген. Қайраткердің туған өлкесінде ескерткіші қойылған.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.