ПРОБАЦИЯ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс орталығында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған 33-ші қадамын және ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын» іске асыру аясында Пробация үйі ашылды.

Оның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов қатысу­шыларды алдағы мерекелерімен құттықтап, облыста пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды бейімдеу бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ашылу салтанатында, сондай-ақ, облыс прокурорының орынбасары Талғат Әлібаев және Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Ғанибек Отарбаев сөз сөйледі.

Пробация үйі «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс іс­теп, қылмыстық жазасын өтеу орындарынан шартты түр­де боса­тылған азаматтарға мем­ле­кеттік қызметтерді көрсетеді. Ол Қызылорда облысы әкімшілігі, облыстық прокуратура, облыстық ішкі істер департаментінің жер­гілікті полиция қызметі және облыстық ҚАЖ департаменті бір­лесіп бекіткен «Пробация әлеу­меттік-құқықтық қызмет көрсету орталығы бойынша әріп­тестік және өзара қарым-қатынасты дамыту» жөніндегі ынтымақтастық меморандумы аясында ашылып отыр.

Мұнда Пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, білім бөлімі, көші-қон полициясы, денсаулық сақтау мекемелері, қылмыстық атқару жүйесі департаменті заңгерлері және қажеттілігіне қарай басқа да мекемелер әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін болады. Сонымен қатар, олар өздеріне керек көмек түрлері бойынша жұмысқа орналасу, мамандық игеру, орта білім алу, құжаттандыру, медициналық көмек, құқықтық және өзге де көмектерді, тіптен кәсіпкерлікпен айналысу үшін несие де ала алады.

Пробация үйінің ашылуымен енді кабинеттерді аралаудың қажеттілігі жоқ. Енді мәселелерді уақыт пен күш жоғалтпай, кешенді түрде шешуге мүмкіндік туды.

Ы. Тұрлығұлов.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 желтоксан 2017 г. 611 0