Семинар өтті

Қызылорда облыстық сотының мәжіліс залында «Өз еркімен салынған құрылыстарды бұзудан туындайтын дауларға қатысты сот практикасы» тақырыбында семинар өтті. 

Семинарға Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әділхады Шығамбаев, судьялар, қала және ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері, Қызылорда қаласы прокуратурасының қызметкерлері, «Қызылорда облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ-нің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, Қызылорда облысы бойынша филиалы – «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» департаменті, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшылары, медиаторлар, адвокаттар, жеке және мемлекеттік сот орындаушылар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен БАҚ өкілдері қатысты.

 Іс-шараны облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ә.Шығамбаев ашып, өз сөзінде бүгінгі өткізіліп отырған іс-шараның мақсаты өз бетінше иеленіп алған жер телімдерін босату мен мұндай жер телімдерінде салынған құрылысты бұзу жөніндегі істерді қарау кезінде біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру және сот шешімдерін орындау барысында кездесетін қиындықтарды саралау болып табылатынын жеткізді.

Қызылорда қалалық сотының судьясы Кәмшат Садуақасова баяндамасында, өз еркімен салынған құрылыстарды бұзу туралы дауларды қарау және олар бойынша шығарылған шешімдердің орындалу мәселелерін айтып, істер бойынша статистикалық мәліметтерге тоқталды. Қалалық соттың өндірісінде жер қатынастарына қатысты өз еркімен салынған құрылыстарды бұзу туралы даулар бойынша 2017 жылдың осы күніне дейін 29 азаматтық іс қаралған. 4 іс медиация тәртібімен аяқталып, 1 іс қараусыз, ал 2 талап арыз бойынша іс жүргізу тоқтатылған. Баяндама барысында судья К.Садуақасова соттардың мұндай талап арыздарды қабылдау туралы мәселелерді шешу кезінде назар аударылуы тиіс маңызды мәселелерді атап көрсетті.

Сонымен қатар, семинар барысында қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғалымжан Еркебай мен Қызылорда облыстық жерді пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы-мемлекеттік инспекторы Даниел Абжалиев баяндама жасады. Баяндамашылар қала аумағындағы заңсыз салынған құрылыстарды бұздырту барысында туындайтын өзекті мәселелерді айтып өтті.

Қатысушылар заңсыз жер телімдерін пайдаланбау, жер телімдеріне байланысты туындайтын даулардың салдарын халыққа жете түсіндіру мақсатында құқықтық насихат жұмысын күшейтуді ұсынды.

         Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2017 г. 677 0