Тойға кеткен қызылордалық әйелді туыстары бір жылдан бері таппай жатыр

Қызылордада бір жыл бұрын той тойлауға кеткен әйелді туыстары іздестіруде. 58 жастағы Гүлжахан Абжалиева былтыр Жалағаш ауданына үйлену тойына барамын деп кетіп, қайта оралмаған деп хабарлайды NUR.KZ.
Туыстарының айтынша жоғалып кеткен әйелдің бес баласы бар. Бір жылдан бері олар үміттерін үзбей, анасына іздеу салуда.
«Біздің анамыз 2016 жылдың 17 желтоқсан күні тойға кеткен. Қолындағы жол дорбасында жас жұбайларға арналған сыйлықтары бар еді. Бірақ анамыз Жалағашқа сол бойы бармапты. Оған не болғанын білмейміз. Құжаттары бізде. Ешкімге ескертпестен бұлай кетіп қалуы мүмкін емес еді.
Ол жүретін бағытпен жүз рет өтіп, адамдардан сұрастырдық. Алайда оны көрген-білген ешкім табылмады. Бізге енді қоғамнан көмек керек», - дейді қызы Айжан.
Айжанның айтуынша, оның таныстары Гүлжаһан Абжалиеваны шамамен бір ай бұрын Талсуат ауылында көріпті. Тағы бір адамдар орталық базарда балалармен бірге жүргенін байқаған екен. Бірақ әзірге оны табу мүмкін болмай тұр.
«Біз отбасымызбен анамызды күтіп жүрміз. Әсіресе әкем күні-бойы терезеге қарап отырады. Мүмкін оған оқыс жағдай болып, есін жоғалтып алған шығар. Өтінемін, бізге оны табуға көмектесіңіздерші», - дейді Айжан.
Туыстары Гүлжаһан Абжалиеваның психикалық ауытқулары болмағанын айтады. Ол жоғалып кеткелі мемлекет зейнетақы бөлуді де тоқтатып қойған. Бұл балаларын одан сайын шошытып отыр. Себебі олар анасының әлі де тірі екеніне сенеді.
ІІБ баспасөз қызметі аталған жағдай туралы пікір білдірді.
«Қазір біздің қызметкерлер Гүлжахан Абжалиева өтуі мүмкін жолдармен жүріп оны іздестіруде. Жергілікті телеарналардан оның суретін көрсеттік. Тіпті тезірек нәтиже болсын деп халықаралық іздеу салдық. Барлық аудандарда белсенді жұмыстар жүріп жатыр», - дейді баспасөз қызметінің жетекшісі Бақыт Бектібаева.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2017 г. 540 0