Тәуелсіздік күнін түрлі этнос өкілдері тойлады

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан еңсерген биіктер – тату тұрмыстың арқасы. Сүттей ұйыған, жанға жайлы тіршілікте Қазақстан халқы Ассамблеясының алар орны ерекше. Бұл тұрғыда Сыр өңірінде де ырыс пен ынтымаққа жетелеген бастамалар аз емес. Елдік мерекеге Қызылордадағы түрлі этнос өкілдері де белсене атсалысты, деп хабарлады 24.kz.
Людмила Ли қандай мереке болсын дәмді тағамдарды молынан жасауды дәстүрге айналдырған. Еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі қонақжайлылықты қазақ дәстүрінен үйренгенін де жасырмайды. Оның дастарханында қазақ, кәріс, өзбектің де тағамы бар. Дегенмен еврейлердің ерекше қадірлі ұн тағамы – маца әзірлеп, алма мен бал ұсыну басты мәзірге айналған.
Людмила Ли, еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі:
- Біздің ата-бабаларымыз талғажау етер бір үзім нанға зар болған. Сондықтан еврей халқы ұн мен майдан жасалатын тағамдарды ерекше қадірлейді. Осындай молшылық – Тәуелсіздіктің арқасы. Ал осы құндылықты сақтап қалу үшін ел ішінде бірлік пен береке болуы керек.
Қызылорда өңірінде 35 этнос өкілі тұрады. 11 этномәдени бірлестік бар. Отаны, тағдыры бір қауым елдік істерді де бірге атқарып келеді. Олар Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасын құптайды. Бұл тұрғыда түрлі тарихи-танымдық шараларға да белсене қатысады. Осындай еселі еңбегі барларды Елбасы елеусіз қалдырмапты. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды.
Галина Щербакова, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары:
- Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында бірнеше жобаны қол алды. Олардың қатарында археологиялық-мәдени ескерткіштерге экспедиция ұйымдастыру, түрлі қайырымдылық шараларын өткізу сынды мазмұнды шаралар бар. Мұның барлығы Тәуелсіздік тұғырын нықтай түсу үшін керек бастамалар деп білемін.
Алаштың анасы аталған Сыр елі татулықтың тал бесігіндей тербелген бейбітшілік мекеніне айналуды мұрат санайды. Ең бастысы, тағдыры бір арнаға тоғысқан түрлі этнос өкілдері ел дамуы жолында жұмылған жұдырықтай екенін әрдайым дәлелдеп келеді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2017 г. 452 0