Жылдар бойы тозығы жеткен электр желілері жаңартылды

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында энергетика саласын дамыту жұмыстары Сыр өңірінде жүйелі атқарылып келеді, деп хабарлады 24.kz. Қазіргі уақытта ескірген жарық желілерін жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Соңғы екі жылда облыста 100 шақырымнан астам иесіз электр желілері жаңартылып, меншікке алынған. Электр кернеуінің қалыпқа келуі арқасында қала аумағындағы саяжай тұрғындарының да тұрмысы түзелген.
Аймақта халық санының артуына орай инфрақұрылым тартылмаған жерлерге қоныстанушылар қатары артқан. Соның бірі - Сабалақ саяжайы. Мұнда кезінде 100дей ғана үй болған. Ал қазір 3 мыңдай тұрғыны бар үлкен елдімекенге айналды. Алайда олар кезінде өз күштерімен «жабайы» электр желілерін тартып алғанмен, жарықтың кернеуі өте төмен еді.
Гүлсәнім Аукенова, Сабалақ саяжайының тұрғыны:
- Мен Сабалаққа көшіп келгеніме 12 жыл болды. Сол біз көшіп келген кездерде бұл жерде ешқандай линия деген ештеңе болмаған. Кәдімгі майшаммен отқанбыз біз басында. Содан халық болып бірлесіп, өзіміз қолдан құрама подстанса жасап, сөйтіп күн көрістің қамын жасап, өзіміз линия жасадық.
Соңғы жылдары облыста осындай заңсыз тартылған электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүруде. Өзекті мәселені шешу үшін биыл да жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, 26 шарықымнан астам тиісті талапқа сай жарық желісі жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 4 қосалқы станса орнатылатын болды. Электр кернеуінің қалыпқа келуі Сабалақ, Эдельвейс сияқты қала аумағындағы саяжай тұрғындарының да тұрмыс сапасын жақсартты.
Үрләй Баймбетова, Сабалақ саяжайының тұрғыны:
- Ойпырмай мынау шырақ деген жақсы екен ғой өзі. Мына көрген көзіміз ашылып мінекей, балаларымыз да сабақтарына жақсы дайындалып жатыр, дайындалуға мұршаты бар. Үтік үтіктеліп жатыр. Үйімізге матор кіргізгенбіз, сол маторымыз жүріп жатыр, жақсы.
Мұхитжан Кәрімбаев, «Қызылорда электр тораптары компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы:
- 360 км-ден 260 км-ге дейін азайттық иесіз желілерді. Сондықтан қазір ол жерде жобалық сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Біздің облыстық бюджеттің есебінен дайындалып жатыр. Сол жобалық сметалық құжаттар дайын болғаннан кейін келесі жылдары қаржы бөлінсе, сол жұмыстар әрі қарай жалғасын табады.
Жалпы соңғы екі жылда облыста 100 шақырымнан астам иесіз электр желілері жаңартылып, меншікке алынған. Мәселен Шиелі, Қазалы ауданында бұл мәселе толық шешілсе, ендігі кезекте Қармақшы мен Жалағаштың электр жүйелерін талапқа сай ету көзделіп отыр.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 желтоксан 2017 г. 633 0